28 шіл, 2022 сағат 12:27

Тамызда қай өңірде құрғақшылық болады?


"Қазгидромет" синоптиктері тамыз айында еліміздің қай аймағында құрғақшылық болатынын хабарлады.

Есеп бойынша, тамызда елдің солтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-батысында және орталығында, жекелеген аймақтарды қоспағанда, ылғалдандыру шарттары негізінен нормаға жақын болады.

"Қызылорда облысы Қармақшы ауданында, Маңғыстау облысы Қарақия және Маңғыстау аудандарында құрғақшылық болады деп болжанады. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында, Қарағанды облысы Нұра ауданында, Қостанай облысы Амангелді және Жангелді аудандарында жауын-шашын тапшылығы күтіледі", - делінген хабарламада.

Ақтөбе облысы солтүстік және батыс бөлігінде, Атырау облысы Қызылқоға ауданында, Батыс Қазақстан облысы Сырым, Казталов және Ақжайық аудандарында керісінше, ылғалданудың оңтайлы жағдайлары күтіледі. Сондай-ақ, Алматы облысы Панфилов және Кербұлақ аудандарында да ылғалды болады.