Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал дизайнер Ханум Айдаштың "Қазақ ұлттық киімдерінің қазіргі заман мәдениетіне ықпалы" атты монографиясы таныстырылды. Мәдени шараға жиналған отандық эстрада жұлдыздары ұлттық киім мен әшекейлердің әншілер үшін маңызына тоқталып, қазақтың дәстүрлі киімін насихаттау жолдарын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Эстрада жұлдызы Жеңіс Ысқақованың айтуынша, қазақтың ұлттық киімі мен әшекейлерін әнші, сәнгерлер арқылы насихаттап, өскелең ұрпаққа жеткізуіміз керек.
"Біз өнер адамы ретінде сахна арқылы дәстүрлі киімдерімізді, ою-өрнектерімізді насихаттауымыз керек. Қазір қарап отырсаңыз, әлемдік модадағы Versace, Gucci, Chanel брендтерін өздерінің ерекше өрнегі, элементтері арқылы бәрі таниды, біледі. Біз де қазақтың өрнектерін "қазақ модасы" деп көрсетуіміз керек. Өнер адамдары бұл үшін не істей алады? Бүкіл халық, болашақ ұрпақ, жастар біздің сахнадағы киімдерімізге қарап еліктеуі мүмкін. Сондықтан көйлектерді таза қазақша қылып емес, заманауи, әдемі етіп, ою-өрнекті, ұлттық фрагменттермен әрлеп, тігу қажет. Кезінде осыдан 25-27 жыл бұрын Қазақстанда "Сымбат" деген бір-ақ сән үйі болатын. Сол "Сымбатқа" мен ең алғаш мода көрсетіп шыққан едім. Сол кезден бастап, мен қандай киім тіккізсем де, ұлттық элементтерді, ұлттық нақышты қосамын. Сондықтан біз әншілер арқылы, сән әлеміндегі дизайнерлер арқылы мұны болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қазақтың дәстүрлі киімі мен ою-өрнектерін заманауи қылып тіксе, әлемдік брендтер жолда қалады", — дейді әнші.
Ысқақова қазақтың дизайнерлеріне насихат жетпей жүргенін айтты.
"Егер біздің дизайнерлерді жақсылап насихаттаса, "айғайлап тұрған" әлемдік брендтер ойнамай қалады. Мен өзім шетелге гастрольдерге шыққанда, шетелдіктер қазақы стильде тігілген көйлегіме қарап естерінен танып, тамсанып жатады. Бір жаным ашитыны – біздің оюларды батыстың дизайнерлері өздеріне иемденіп алған", — деп қынжылды эстрада жұлдызы.
Ал әнші Тамара Асардың айтуынша, қазақтың ұлттық киімін Димаш Құдайберген арқылы да насихаттап, әлемге танытуға болады.
"Мен үнемі сахнада қазақтың дәстүрлі киімін киіп жүремін. Менің әрбір костюмім қазақ халқының тарихынан сыр шертеді. Мен өзім де киім тігемін, сондықтан қазақ халқының этнотарихын, әр ою-өрнектің тарихын жақсы білемін. Бір көңілім толмайтыны, қазір аяқ астында жататын киіз бен сырмақтың ою-өрнектері киім-кешектерде өрнектеліп жүр. Дизайнерлер соны ескерсе екен деймін. Ал әлемдік нарыққа шығатын дизайнерге мемлекет те қолдау көрсеткені дұрыс. Немесе ұлттық брендті насихаттау үшін бір концепция әзірлеу қажет. Димаш Құдайберген арқылы да қазақтың ою-өрнегін, ұлттық киімін әлемге танытып, ұлттық брендті ілгерілетуге болады", — деп түйіндеді әнші.