04 қаң, 2018 сағат 12:04

«Тальго» бұзылып, 220 жолаушы басқа пойызға отыруға мәжбүр болды

«Тұлпар-Тальго» пойызынан ақау шығып, 220 жолаушы басқа пойызға отырғызылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2018 жылдың 4 қаңтарында «Астана-Лениногорск» бағытында қатынайтын №375 «Тұлпар-Тальго» пойызының техникалық вагонынан шыққан ақау салдарынан жолаушылар вагондарының температура режімінің төмендеуі орын алды. Аталған пойыздың 220 жолаушысы Семей стансасында стандартты вагондардан жасақталған өзге құрамға отырғызылып, діттеген жеріне жөнелтілді», - делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Таратылған мәліметке қарағанда, жолаушылар діттеген жеріне жеткеннен кейін жолақы құнының айырмасы қайтарылатын болады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ орын алған  қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Техникалық вагоннан ақау шығу себебін  қызмет көрсетуші  компаниясының мамандары анықтайды», - деп атап өтеді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.