20 қыр, 2019 сағат 12:20

Талғат Теменов Қуанышбаев театрына «ұлттық» дәрежесін беруді сұрады

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов аталмыш театрға «ұлттық» атағын беруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде қазіргі таңда 60 қана актер бар. Жаңа штат алғаннан кейін актерлардың саны 150 болады. Жалпы, күніне театрға жұмысқа 400 адам келді деген күнде, кем дегенде 250-і көлігімен жетеді. Сондықтан, паркинг жағын ойластырсақ... Қазір бізде бір спектакльге төрт-ақ миллион теңге кетеді. «Астана-Операда» бір спектакльге 330 млн теңге жұмсалады. Алдағы уақытта әр спектакльге бізге 70-80 млн теңгеден беріп тұрса – бізде екі зал бар. Яғни, Мәдениет және спорт министрлігімен бірге осы мәселеге назар аударсақ», - деді Талғат Теменов Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаевпен бірге театрдың жаңа ғимаратының құрылыс барысымен танысу кезінде.

Ол сонымен бірге, Қазақ драма театрына «ұлттық» дәрежесін беруді ұсынды.

«Еуропа елдеріндегі театрлардың барлығы - ұлттық. Бізде Қазақстанда ұлттық театр жоқ. Егер осыны Қазақ ұлттық драма театры десек, керемет болар еді. Сонда біз басқа мемлекеттер секілді ұлттық театр боламыз», - деді Талғат Теменов.

Театр ұжымының сөзін тыңдаған Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев осы өтініштердің бәрін де топтап, ұсыныс ретінде тапсыруды сұрады.

Еске сала кетсек, бүгін Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев Нұр-Сұлтанда салынып жатқан Қазақ драма театры ғимаратының құрылысымен танысқан болатын.

«Келесі жылы 6 шілдеде театр ұжымы өзінің қоныс тойын тойлайды деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.