«Девушка из Дании»-ді көргеннен кейін, Ди Каприо биыл тағы да «Оскардан» құр қала ма деп ойлап қалдым. Эдди Редмэйннің тамаша ойынын көріп, бас шайқамауға амал қалмады. Герда Вегенердің күйеуі, суретші Эйнар образын һәм жынысын ауыстырып, «Лили» есімін алған «азат әйелдің» бейнесін нанымды алып шыққан. Табиғаттың тылсым сырына құмартқан суретші жігіттің әп сәтте әдемі қызға айналып шыға келуі – нағыз таланттың екі бөлек образды шебер қиюластыруы деп түсінсек болады.
Әрине, фильмнің негізгі тақырыбы – өте даулы. Бұл картина тарихи дерек бойынша, әлемде алғаш рет жынысын өзгертуге әрекет жасаған адам — суретші-пейзажист Эйнар Вегенердің өмірі турасында сыр шертеді. «Транссексуализм» — бүгінгі қоғам дерті. Киноны көргеннен кейін көпшілік жұрт Том Хуперді жарыса жамандап, азғындықты насихат етіп отыр деп айыптауы мүмкін. Себебі, өзін қыз секілді сезінетін, «жат тәннен» құтылуға асық қаншама жас фильмнен кейін азат ойдың шырмауына түсіп, азапты іске аяқ басуы ықтимал. Режиссер жан қалауын қанағаттандыратын кейіпкері арқылы ой еркіндігін кеңістікке шығарып, іс жүзінде жүзеге асуына тілек қосқандай. Бұның ар жағынан «адам өз таңдауымен өмір сүру керек» деген мазмұндағы идея бас көтергендей болады.
Сонда біз аңсаған «еркіндіктің» мәні не? Тәңір сызып берген шеңберден шығуға әрекет ету — бізге қанашылықты күнә артады? Бұл жолда жапа шеккен «шарасыздарды» қалай ақтап аламыз? Табиғат заңын өзгерту – Тәңірмен таласқа түсу. Не десек те, жаратылысқа қарсы шыққанына қарамай, «Құдайдың қалауымен әйелге айналдым» деп күпір сөйлейтін кейіпкерді кешіре алмай-ақ қойдым… Редмэйн мені өзін аяуға мәжбүрледі. Түсінуге шақырды. Өзі секілді қаншама адамның ішкі арпалысын көрсетуге талпынды. Бұл – өте қауіпті. «Ақындарға азғындар еретініндей», әртістер де адамдарды адастырады… Әрине, парқына жете білгендерден өзге. Бұған тек өнер деп қарау керек. Әңгіменің бәрі актердің әсерлі ойынынан туып отыр.
Айтпақшы, «Оскардың» 4 номинациясына ұсынылған фильмді Катар елінің жоғарғы билігі 4 күннен кейін өз кинотеатрларынан алып тастады. Катарлық интернет қолданушылар «фильм халықты адамдықтан аттайтын әрекеттерге итермелейді» деп шағым түсірген екен.
Шерхан Талап