14 қыр, 2016 сағат 09:30

Сыйлық аламыз.., сыйласа аламыз ба?

Атаққа, даңққа, сыйлыққа құ­мар­­лық бізде ғана ма? Өзге елдерде қа­лай екен? Әлемнің көп елінде сый­лық, атақ бар да шығар... Бірақ біз­дегідей тала­са ма?

 Бір-бірімен қыр­ықпышақ қырбай болып, бір-бі­рі­нің артын қазып, бірі-бірімен өле-өлгенше алакөз болып өте ме?!.

Ілияс Есенберлин сыйлыққа ұсы­нылғанда қалың қазақ жабы­лып Мәс­кеуге арыз жазып, ала­тын сыйлығын алғызбай тастаған бола­тын. Оның ор­ны­на грузин жазу­шы­сы Нодар Дум­бадзенің айы оңы­нан туды. Сыйлық бас­қаға бұйыр­ды.

«Сыйлық» дегенді Кеңес Ода­ғы онсыз да басы бірікпей тұр­ған қазақ аза­маттарын алауыз етуге ти­ім­ді пайдаланды. КСРО құрыды. «Сыйлығы» құры­мады. КСРО мұ­ра­­лары мұрты бұзылмай сақ­та­лып қалды. Сол сыйлық Тәуел­сіз Қа­зақ­станды да тастап кеткен жоқ. Қа­лай сыйлық туралы сөз бас­та­ла­ды, солай дау-дамай көбейеді. Мем­­лекеттік сыйлық төңірегінде тіп­ті ерек­ше: осы сыйлықты алмай қа­л­са қазір өліп кететіндей жан­та­лас пайда болады; тізім жасалған сәттен бастап ит ырқылжың тірлік басталады; біреу әке іздейді, біреу жә­ке іздейді, жоғарыдан «көкесі» табылса шығармасының қан­дай­лық құндылығында жұрттың ісі жоқ.., аңдысын аңдығандардың айы оңынан туа­ды; өзіне ғана сеніп өтпей қалғандар өкпені мәңгілік жолдас етеді, кезекті сый­лықты «жо­лы болған» жан алады, бірақ сыйлыққа ілінбегендердің кө­кейін­де КЕК қалады; сол кек бір ыңғайы кел­генде, орайы туғанда аяқтан ша­лады, «сыйлық иесі» сүрінгенде, тіп­ті өлгенде қуана қалады. Сый­лық­тың қазаққа көрсетер сыйы осы.

Қа­зақ зиялысының мұраты тек сыйлық алу ғана ма? Біз осы «сый­лық» қуып жүріп ұлтқа қызмет ету де­ген мәселені қаперден шығарып ал­ған жоқ­пыз ба?!.

Әлемде тек Швейцарияда ғана еш­қандай сыйлық, атақ, марапат жоқ екен. Швейцария елдің қоры бо­лып қалды ма содан? Кешегідей  оли­м­пиада жеңімпаздарына тек Ұлыбритания ғана басқа елдер­де­гі­дей қомақты қаржы сыйламайды. Бұл елдерде қай салада болсын же­тіс­­тікке қол жеткізсе, оны азама­т­тық міндет деп қана қарай­ды.

Хош, сонымен «сыйлық» алын­ды делік. Қазақ өнері мен мәдение­ті, әде­биеті мен руханияты сол сый­лық­тан қаншалықты қайыр көр­­ді? Немесе көреді? Нобель сый­лы­­ғы сияқты әлемдік дәрежеде ат­ақ-даңқы, деңгейі толысып тұрса бір сәрі. Бар болғаны – Мемлекет­тік сыйлық. Осы үшін біздің қазақ­тың ең ойлы, парасатты деген аза­мат­­­тарының алауыздығы қолдан кү­шей­тілсе, онда бұл сыйлықтың қан­шалықты қажеттілігі бар?

Айналып Абайға келеміз: «Қа­зақ тыныштық үшін, ғылым үшін, бі­лім үшін, әділет үшін қам жемейді ек­ен, мал үшін қам жейді екен, бір­ақ ол малды қалайша табуды біл­мей­ді екен, бар білгені малдыларды ал­дап алмақ яки мақтап алмақ ек­ен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жау­лау­ды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір, ұр­лық, қулық-сұмдық, тіленшілік, со­ған ұқсаған қылықтың қайсысын бол­са да қылып жүріп, мал тапса, жа­залы демеске керек екен. Бұлар­дың жас баланың ақылынан несі ар­тық? Бірақ жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақ­т­ан да қорықпайды екен. Жас бала ұял­са, жерге ене жаздаушы еді, бұ­лар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыз­да­ғы­ны үлестіріп талатпасақ, біз де өзін­­дей бол­ма­сақ, безеді екен. Із­де­ген еліміз сол ма?», – депті да­ны­ш­пан.

«Қазақстанның ең мықты жын­ды­сы», «Алаштың ең ақымақ ада­мы», «Мәңгілік елдің мәңгүрті» де­ген сыйлықтар белгіленсе ше? Олар­ға да тап осы қазіргідегідей та­ласар ма едік? Бір-бірімізді жау кө­ріп, аянбай айқасар ма едік? Ай­ты­сар ма едік? Тартысар ма едік?!.

Ақселеу аға Сейдімбектің тәм­сі­л­ге бергісіз бір әңгімесі бар еді. Бая­ғыда бо­лыстыққа ағайынды, ру­лас екі адам қатар түсіп, шар тас­тал­ғанда әлгінің біреуі басқа тай­па­ның үміткер өкіліне дауыс бермей, өз туысын жақтапты. Сонда маң­а­йын­дағы желпілдеткіштер «Ойбай-ау, Пәленшеке! Мына туыс­қа­ны­ңыз­­бен бас араздығыңыз бар еді ғой, неге айныдыңыз? – дегенде, әл­гі батыр: – Мен онымен бас араз еке­нім рас, бірақ біздің намысымыз ар­аз емес қой! – деген екен.

Ешқандай сыйлық белгілен­бе­ген Абылай ханның заманы дұрыс па­ дей­мін...

Бұқар жырау, Шалкиіз, Ақ­тан­бер­ді, Махамбеттер де өтті ғой еш­қан­дай сыйлық алмай!..

Ал­ыс­қа бармай-ақ, кешегі Ал­аш арыстарына қарайықшы. Со­лар­дың қайсысы сыйлыққа ұм­тыл­ды?!.

Қа­зақ­тың мұраты – қазаққа қыз­мет ету! «Сыйлықсыз» қызмет ете аламыз ба? Абай айтқандай, «Қа­зақ тыныштық үшін, ғылым үш­ін, білім үшін, әділет үшін» қа­шан қам жейді? Осы жерден тоқ­тай­ық. «Сыйлық» туралы  осындай сөз  жазғанымыз үшін де аяқ ас­ты­нан әлдекімдер жау тұтып, ағаш есекке теріс мінгізіп, жаманат­ты­лар­дың қатарына қосылып кетуіміз де­ бек мүмкін...

Қызғаныш, айтаққа еру, ай­дап­сал дегенде ісіміз жоқ. Біздікі – кө­мей­­ге кеп­телген бір сұрақты қою.

«Сыйлық» алармыз, сыйласа аламыз ба?!.

Нұртөре Жүсіп, 

"Айқын" газеті