«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылорда облысына барды, деп жазады "Ұлт ақпарат".
Сапардың басты мақсаты – Елбасы тапсырмаларының, соның ішінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған басымдықтардың өңірде жүзеге асу барысына бақылау жүргізу. Соған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қорқыт ата» мемориалды кешенінде болды және ортағасырлық Сығанақ қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Сапар аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мемориалды кешен, музей және осы маңда орналасқан этноауыл жұмысына ерекше назар аударып, мұндай тарихи орындардың отаншылдық пен ұлттық бірегейлікті сақтап, нығайтуда маңызды рөлге ие екенін айтты.
«Тәуелсіз еліміз ширек ғасыр ішінде қарыштап дамып, Қазақстан әлем таныған абыройлы мемлекетке айналғанда Елбасымыз рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынды. Оның мақсаты жас ұрпақты бабалар тарихынан тағылым алған елін, жерін сүйетін отаншыл рухта тәрбиелеу. Сондықтан «Нұр Отан» ұлт руханиятын түлетуге арналған Елбасы тапсырмасының еліміздің барлық өңірлерінде ойдағыдай жүзеге асуын ерекше назарда ұстайтын болады», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыстағы ауыл шаруашылығының даму барысына назар аударып, бұл сала бойынша өңірде Елбасы тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізді. Соған сәйкес ол облыстағы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру ісінде көпке үлгі болып отырған ірі кәсіпорын РЗА акционерлік қоғамында болды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан Қазалы ауданындағы бұл шаруашылықтың негізі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында қаланғанын атап өткен жөн. Кәсіпкер Самұрат Имандосов басқаратын шаруашылықта сүтті, асыл тұқымды голштино-фриз сиырлары өсіріледі. Бастапқыда кәсіпкер Венгриядан аталған мал тұқымының 650 басын алып келген екен. Бүгінде шаруашылықта 1600 бас асыл тұқымды сиыр малы бар. Мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдаудың игілігін көріп отырған кәсіпорында қазіргі заманғы сүт өндеу және тауарлы сүт өнімдерін дайындау зауыты жұмыс істейді. Әр сиырдан алынатын сүттің жылдық көлемі – 8000 литр. Одан бөлек, бұл кәсіпорын 1 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын бидай және жем-шөп дақылдарын өсірумен де айналысады. Шаруашылықтағы барлық технология толығымен Еуропадан, соның ішінде Германия, Ирландия және Голландиядан әкелінген.
Шыны керек, ауа температурасы жазда +50 градусқа дейін көтеріліп, қыста -40 градусқа дейін төмендейтін, өсімдік атаулы жоқтың қасы, су мәселесі де толық шешілмеген өңірде мал өсіру нағыз табандылықты қажет етеді. Тіпті тақыр жерде дәл осылай шаруасын дөңгелетіп отырған шаруашылық дүниежүзінде де сирек екені анық. Басқа кәсіпкер болса баяғыда қолын бір сілтеп, өзге салаға ауысып кетуі де әбден мүмкін еді. Ал С.Имандосов соңына дейін төзімділік танытып, бүгінде соның жемісін жеп отыр. Қазіргі таңда РЗА шаруашылығының өнімдерін Алматы қаласындағы «Магнум» және «Смолл скиф» дүкендер желісінен алуға болады. Одан бөлек, Астана, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Байқоңыр қалаларында да РЗА-ның өнімдері сатылады.
«Біздің шаруашылықта бүгінде 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Елбасымыздың шаруаларға жасап отырған қолдауының арқасында осындай экологиялық-экстрималды аудандарда кәсіппен айналысып, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін болып отыр. Сондықтан біздің ұжым Мемлекет басшысына зор алғыстарын білдіреді», – дейді кәсіпкер С.Имандосов.
Қызылорда облысына сапары барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед Кіші Аралды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты. Елбасының бастамасымен бүгінде аймақта «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» атты «ғасыр жобасының» бірінші кезеңі сәтті жүзеге асырылды. Сол арқылы әлем бойынша ең ірі құрлықтық су қоймаларының бірін қайта жандандыруға мүмкіндік туып отыр.