31 нау, 2017 сағат 08:50

Су тасқынынан бірнеше жолаушылар пойызының бағыты өзгерді

Қазақстанда қауіпсіздік мақсатында жолаушылар пойыздарының бағыттары өзгерді, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.

«30 наурыз күні көктемгі су тасқыны салдарынан Павлодар бөлімшесіндегі теміржолдың Дегелең-Май аралығын су шайып кетті. Осы себепті, №31 «Алматы-1-Павлодар», №376 «Астана-Лениногорск», №67 «Защита-Астана», №68 «Астана-Защита» жолаушылар пойыздарының бағыттары РФ аумағымен - «Ресей темір жолдары» ААҚ-ның Кулунда және Локоть стансалары арқылы жүретін болады. Осыған орай, жол жүру уақыты орта есеппен 16 сағатқа ұзарады», - делінген хабарламада.

Көктемгі су тасқыны салдарын жою бойынша жедел штаб құрылды. Оқиға орнында 63 арнайы техника мен 120-дан астам теміржолшы жұмыс жасауда.

«Қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Су шаю  салдарын барынша қысқа уақытта жою үшін барлық шаралар қолға алынатын болады», - деп атап өтті ҚТЖ баспасөз қызметінен.