Медицина ғылымдарының докторы, иммунолог, профессор Павел Дерябин «Спутник-V» вакцинасының неге тез әзірленгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шынымды айтсам, бір жыл бұрын пандемия басталған кезде, вакциналар бұдан да тезірек жасалады деп күткен едім. Себебі бүгінде ғалымдар бұрын-соңды болмаған, ең заманауи технологияларға ие. Мәселен, ресейлік «Спутник-V» векторлық вакцинасы алғашқылардың бірі болып тез жасалды деп айтады. Неліктен? Себебі бұл вакцина басқа вакциналарды жасауда қолданылған нәрселердің негізінде жасалған. Атап айтқанда, Эбола вирусына қарсы вакциналар. Бұл ауыр инфекция бізде де, Ресейде де таралған жоқ, инфекцияның тасымалдаушылары болған жоқ. Тиісінше, Эболаға қарсы вакцинаны жаппай өндіру, адамдарды жаппай вакциналау да қажет болмады. Сонымен, векторлық вакцина дегеніміз не? Бұл локомотивы мен қажетті жолаушылар тиелген вагондары бар паровоз секілді. Бұл паровоз баяғыда жасалған. Енді бұл локомотивке «S ақуызын» түзетін гендері бар жаңа вагон тіркелген. «S ақуызы» адам ағзасында пайда болғанда, оған қарсы антиденелер бөліне бастайды және иммундық реакция басталады. Осылайша, адам аталған вирустық инфекциядан қорғалады. Сондықтан вакциналар тез дайын болды», - деді дәрігер онлайн дәрісте.
Оның айтуынша, қазақстандық вакциналар да үйреншікті технологиялар бойынша әзірленуде. Мұнда тірі қоздырғыш химиялық заттардың көмегімен «өлтіріледі», бірақ иммундық реакция тудыратын қабілеті ғана сақталады. Ауруды тудыратын қабілеті сақталмайды.
Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ұлттық орталығының ғалымдары тұмауға қарсы «өлтірілген» вакциналарды жасап көрген және бұл тәжірибе коронавирусқа қарсы вакцина алу кезінде қолданылды.
Профессор коронавирусқа қарсы вакциналардың «жоқ жерден» жасалмайтынын және қазақстандық ғалымдар жаңа вакциналарды жасауға дайын екенін атап өтті.
«Бүгінде коронавирусқа қарсы вакциналар әртүрлі технологиялар бойынша әзірленуде. Бірақ ешқандай вакцина тиісті сынақтардан өтпейінше қолдануға рұқсат берілмейді. Қазақстанда қолданылатын вакциналарға келсек, оларда теориялық тұрғыда адам ағзасына теріс әсер ету мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне вакциналар қауіпсіздік үшін мұқият тексеріледі», - деді П. Дерябин.