21 ақп, 2020 сағат 12:23

«Созылмалы ауруларды басқару» бағдарламасы деген не?

Аурудың жақсысы жоқ екені белгілі. Алайда, зақымданған ағзаны сыздатып, бірнеше жылдарға созылған созылмалы дерттер науқастардың жанына еселеп бататыны анық. Міне, осы созылмалы аурудан науқастарды айықтыру үшін тұңғыш Президент өзінің жолдауында Үкіметке тапсырма берген-ді. Сол бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен бірнеше ведомство басшысы арнайы бағдарлма әзірлеген болатын. Ол – «Созылмалы ауруларды басқару» бағдарламасы деп аталады.

Бұл туралы жақында Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз баяндамасында айтты. Онда келтірілген мәліметтер "Ұлт порталының" оқырмандары үшін де маңызды болғандықтан айтылған мәселелерді талдап жеткізуге тырыстық.

Министр Елжан Біртановтың айтуынша, бұл бағдарлама аурудың үнемі бақылауда болып, өз ауруын белсенді басқаруға көмектеседі. Яғни, дерттің асқынуына жол бермеу. Сонымен қатар емхана мен науқас арасында әлеуметтік келісім жасауға және мобильдік қосымшаларды қолдануға мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз созылмалы дертке ұшыраған сырқаттың ауруы тәуліктің кез келген уақытында жанына батса, емханаға барып қаралуға немесе емдеуші дәрігерді үйіне шақыруға қол жеткізеді. Және бұл жерде қалта телефоны арқылы-ақ хабарласып, болмаса жәй ғана хабарлама жіберіп дәрігер көмегіне жүгіне алады.

Жалпы елімізде ауруларды басқару бағдарламасы 2013 жылдан бастап үш нозология бойынша: артериалық гипертензия, қант диабеті, жүректің созылмалы жетіспеушілігі бойынша енгізілген. Бұл санаттағы аурулар базасы сол 2013 жылдан бастап жинақталуда екен. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға сәйкес 220 мыңнан астам ауру тіркелген. «Бұл диспансерлік есепте тұрған аурулардың 17%-ын құрайды. Ал, 2020 жылдың соңына қарай осы санаттағы науқастардың 50% пайызын бағдарламамен қамту жоспарланған» - деді, Е. Біртанов.

Әрине, бұл жерде алыс ауылдарда интернеттің жұмыс істемеуі, ауыл дәрігерлерінің компьютерді дұрыс игермеуі, мамандардың жетіспеуі сияқты бірнеше кедергілер бағдарламаны жедел жүзеге асыруға қолбайлау болып тұрғаны анық. Мұны Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов мойындай отырып, бұл кемшілікті жою жөніндегі жоспарларымен де бөлісті. Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша ауруларды басқару бағдарламасын енгізген мамандарды ынталандыру мақсатында 2019 жылдың басынан 36 000 учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20%  ұлғайту жоспарланып, оған бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Осы мақсатта бағдарламаға сәйкес медицина қызметкерлерін оқыту жоспары құрылып, 12 648 маман оқытылған. Оларды соңғы жылдары медициналық жоғары оқу орнының соңғы курысында бір семестірлік пән ретінде оқытып, сертификаттарын беруде. Ал, қызмет етіп жүрген мамандарды курсқа шақырып, қосымша оқытуда.

Өкінішке орай, кейбір өңірлерде бағдарламаны оқыту бойынша облыс аудан басшыларының белсенділік танытпай отырғаны байқалады. Мысалы, Жамбыл (23%), Солтүстік Қазақстан (25%), Қызылорда (26%) облыстарында жоспардан 30%  төмен маман оқытылған. Сондықтан да Е.Біртанов осы мәселе бойыеша соңғы сөзін әкімдерге арнады.

«Құрметті әкімдер, бұл бағдарламаны сапалы енгізуге аса көңіл бөлу қажет. Ол инфаркт, инсульт санын төмендетуге, стационарлық емдеуге шығындарды азайтуға және өңірлерде жалпы өлім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік береді», дейді министр Біртанов баяндамасында.

Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығы да бұл бағдарламаға үлес қосу үшін нақты жоспар жасаған. Ол бойынша созылмалы ауруға ұшыраған науқастармен байланыс орнатып, оларды сырқаттары асқынбай тұрып емге шақырады. Үнемі психологиялық және дәрігерлік кеңес беріп отырады. Жалпы ине терепиясы созылмалы аурулардың асқынуына жол бермейді. Егер ине емін асқындырмай уақтылы алса, зақымданған ағзаның жанданып, жасаруына жол ашады.

Нұрболат Абайұлы,

журналист