30 нау, 2018 сағат 10:56

Сөз зергерлері арқа жерінде

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінде Х Республикалық журналистика олимпиадасы өтіп жатыр. Аталмыш сайысқа 16 жоғарғы оқу орнынан 48 студент қатысуда.

Білім бәсекесі 2 күнге жоспарланған. Олимпиадаға телевизияның 60 жылдығы арқау болды. Сайыстың ашылу салтанатында филология факультетінің деканы Әбдуов Мұхаметқали Ілиясұлы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жүктелген тапсырма бойынша студенттер сюжет дайындап, эссе жазды. Сонымен қатар, журналистиканың бірнеше пәнінен  тест тапсырды. Олимпиаданың соңғы күні қатысушылар журналистің жылдамдығын һәм алғырлығын анықтау мақсатында жедел ақпарат сайысы бойынша сынға түсуде.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар студенттер мен оқытушыларға шахтер шаһарының көрікті жерлерін көрсетті. Олар Сарыарқа археологиялық мұражайы мен университет музейін аралады. Мұражай меңгерушісінің сөзінше, мұндағы ең көне жәдігерге 2000 жыл болған. Әр жәдігер жеке-жеке нөмірленген. Әр жерден келген студенттер Арқа жерінің өзге де тарихи ескерткіштерімен танысты.

Аслан Қажиев

IT Университеті