2023 жылы сотталғандарға медициналық қызмет көрсету Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, Ішкі істер министрлігінде ведомство қызметін жетілдіру мәселелері бойынша ашық онлайн тыңдаулар өтті. Онда қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заңнамаға енгізілетін түзетулер қаралды.
«Өзекті мәселелердің бірі - сотталған адамдарды медициналық қамтамасыз ету. Көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында 2023 жылға қарай сотталғандарды медициналық қамтамасыз етудің барлық функциялары Денсаулық сақтау министрлігіне берілетін болады. Бұл іс-шара сотталғандарды медициналық тексерудің, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы әдістерін пайдалануға мүмкіндік береді», - деді Нұрділдә Ораз.
Сонымен қатар, ол медицина қызметкерлері аштық жариялауды тіркеу немесе дене жарақатын салуға қатысты шешім қабылдаған кезде олардың жұмысына мекеме әкімшілігінің араласу мүмкіндігі жойылатындығын айтты.
«Ашық тыңдау барысында пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсету мәселесі де қаралды. Бұл функция жергілікті атқарушы органдарға берілетін болады. Өйткені заңнамаға сәйкес әкімдіктер қазірдің өзінде осы бағытта көмек көрсетіп келеді», - деді ресми өкіл.
Еске салайық, 2 маусымда ҚР ІІМ-де «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелерін түсіндіру және талқылау бойынша жария онлайн-тыңдау өтті. Онда Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчи ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталғандарға медициналық қызмет көрсету функциясын ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне беретінін мәлім еткен еді.