26 мам, 2017 сағат 08:24

Соңғы қоңырау һәм Жаңа оқу жылы тамыздан басталса...

Кеше 25 мамыр өтті. Кеңес дәуірінен қалыптасқан үрдіс бойынша орта білім жүйесіндегі білім ордаларында соңғы қоңырау соғылады. Шәкірттер мен ұстаздар үшін қуанышты күн. Оқушылар ұзақ уақытқа созылатын жазғы демалысқа шығатын болса, ұстаздардың жүктемесі азайып, қолы босайтын кезең. Қысқасы, орта білім саласына қатысты кісілердің үлкен қуанышы. Сырттай қарасаң, бәрі жақсы сияқты. Бірақ бұл «қоңыраудың» өзіндік кемшілігі бар. Біріншіден, бұл мектеп оқушыларын жазғы айларында ұзақ демалуына жол ашып, күзде мектеп қабырғасына қайта жиналғанда, жыл бойы жинаған білімдерінен қарайып қалуына әкеп соқтырады. Бір жыл төккен еңбектің жемісі мардымсыз болып қайта оралады.

Екіншіден, жаз айларында жасөспірім оқушы балалардың қолы босап, түрлі келеңсіз жағдайлар, бұзақылық, кезбелік сынды көріністер орын ала бастайды. Әсіресе, қалалық жерлерде. Абайдың сөзімен айтсақ, «Көйлегі – көктік, қарны – тоқтық// Аздырар адам баласын».

Бұл мәселені шешудің жолы қандай? Біздіңше, оның төте жолы - жазғы демалыс мерзімін қысқарта отырып, жаңа оқу жылын, қыркүйекте емес, тамызда бастау. Осылайша, ауа-райы қолайлы, мамыражай жаз бен қоңыр күз айларында екі тоқсанды игеріп алып, қыс айларында молырақ демалыс беру керек. Себебі Қазақстанның солтүстігінде қыс айларында күннің суықтығынан мектеп оқушылары апталап сабақтан қалып қоятын кездері жиі болып тұрады. Басқаша айтсақ. «Бір оқпен екі қоян атып алуға» болады. Электр, жылу  энергиясын қажет етпейтін жаз айында оқу мерзімін еңсеріп алып, қыс айларында оны үнемдеуге мүмкіндік туады. Ал жаз айында бізде электр энергиясына деген сұраныс азаяды.

Бұл ұсыныс кезінде «Abai.kz» порталында жарияланған біздің мақаламызда айтылған болатын. Сол кезде көп кісілер, әсіресе, оңтүстік өңірдің тұрғындары, тамыз айында күннің ыстық болатынын тілге тиек етіп, бұл ұсыныстың орынсыз екендігін айтқан болатын. Шындығында да, , оңтүстікте тамыз айында ыстықтың беті қайтпайтыны белгілі. Бірақ қазіргі технологиялар дамыған кезеңде табиғаттың мұндай қолайсыздығын оңай шешуге болады. Әлемнің көптеген елдері тропикалық немесе субтропикалық ыстық өңірлерде өмір сүреді. Олардың тұрмысында кәдімгі желдеткіштер кеңінен қолданылады. Олай болса, біздер де тамыздың ыстығында мектепке заманауи желдеткіштер орнату арқылы қолайлы жағдай туғызуға болады. Бұл кезде желдеткіштерге сұраныс артады. Қазақстанда желдеткіш жасайтын «Alma com» атты фирма бар. Осы фирамның өніміне сұраныс артып, отандық өндіріс жаңа қарқынмен дами алар еді.

Жаңа оқу жылыны тамызда бастау тек қана экономикалық тұрғыдан ғана тиімді емес, сонымен қатар қоғамдық санада білім культінің кеңінен орнығуына әсер етері сөзсіз. Өйткені ұрпағының қамын ойлап, оларды жас күнінен білім-ілім іздеу жолындағы еңбекқорлыққа баулу – болашақта елімізге мол табыстар әкелетін тірлік. Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақстандық қоғамда білімнің салтанат құруы факторына ерекше назар аударған болатын. Ол былай дейді: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

Білім саласы арқылы табысқа жету үшін біздер кеңестік дәуірден қалған кейбір тиімсіз үлгілерден бас тартып, жас ұрпақтың бойына білім культінің дәнін нақты істер арқылы себуіміз қажет деп санаймыз. Білімдегі жетістіктер арқылы ғана біздер бәсекеге қабілеттілікті арттыра аламыз. Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылын бастау мерзіміне жаңаша көзқараспен назар аударады деп ойлаймыз.

Алмасбек Әбсадық,

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Ұлт порталы