25 сәу, 2023 сағат 16:14

Соңғы 3 жылда білім беру саласында 300-ден астам жемқорлық дерегі тіркелген

Фото: t.me/antikornews

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орта білім беруді қаржыландыру кезінде жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге келісті. Мұндай шешім Антикор мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен отырысында қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бірлескен талдаудың басталуына білім беру саласындағы түрлі сыбайлас жемқорлық қылмыстар себеп болған.

"Тек соңғы 3 жылда осы салада 300-ден астам жемқорлық құқықбұзушылық тіркелді, оларды жасауда 200-ге жуық адам әшкереленді.

Жалпы қылмыстар республиканың барлық өңірлеріне тән бола тұра, олардың ең көп саны Шымкент қаласына, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі.

Ал Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Талдықорған қаласының білім беру саласының қызметкерлеріне қатысты соңғы резонанстық істер елеулі жемқорлық схемаларының бар екендігін растайды" - делінген Антикор хабарламасында.

Алдын ала зерттеу барысында қаражатты ұрлау бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру сатысында жүретіні анықталған. Бұл ретте мектептердің, білім бөлімдерінің жауапты қызметкерлері және басқа да адамдар сөз байласады. Қаржыландыруды алғаннан кейін қаражат қалалық, аудандық білім бөлімдеріне бөлінеді, ал үнемделген сома еңбекақы төлеу қорына аударылады.

Тергеудің нұсқасы бойынша мұндай тәжірибе Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтеріне «өлі жандарға», үлестес тұлғаларға есептеу арқылы 2 млрд теңгеге жуық ақша ұрлауға мүмкіндік берген. Тінту барысында күдіктіден 1 млрд теңге сомасында ақшалай қаражат табылды және тәркіленді, оның едәуір бөлігі шетел валютасында болды.

«Мұндай құқық бұзушылықтар бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру тетіктерінің жетілмегендігі, білім беру қызметкерлерін орталықтандырылған есепке алудың болмауы және осы процестерді цифрландырудың жеткіліксіздігі нәтижесінде мүмкін болды», - деп атап өтті Асхат Жұмағали.

Кеңес қорытындысы бойынша білім беру саласындағы ағымдағы жағдайды өзгерту бойынша кешенді шаралар белгіленді.