04 там, 2020 сағат 12:39

Солтүстік Каролина штатында дауыл салдарынан 245 мыңға жуық үй жарықсыз қалды

Дүйсенбі түнінде Американың Солтүстік Каролина штатының жағалауында Isaias дауылы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" CNN-ге сілтеме жасап.

Атлант мұхитында қалыптасқан дауыл кезіндегі желдің жылдамдығы секундына 38 метрге дейін жетіп отыр. Құйын солтүстік-шығысқа қарай бет алады деген болжам бар.

PowerOutage.US мәліметінше, 245 мыңға жуық үй электр жарығынсыз қалған. 

Дауыл болатыны туралы ескерту тек Солтүстік Каролинада ғана емес, Оңтүстік Каролина, сондай-ақ Нью-Йорк қаласында жарияланған. 

Метеорологтардың мәліметінше, Нью-Йорктегі дауыл кезінде желдің жылдамдығы АҚШ-та сегіз жылға жуық уақыт бұрын болған «Сэнди» алапат құйыны кезінде болған жылдамдықтан асуы мүмкін.