Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұжымына жаңа басшы – Тамара Дүйсенованы таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Әлихан Смайылов қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өткен.
«Үкімет халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындауы керек. Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсету, еңбек дауларының алдын алу бағытында тиімді жұмыс жүргізу қажет. Алға қойылған барлық тапсырмалар уақытында және сапалы орындалуы тиіс», — деді Смайылов.
Үкімет басшысы Тамара Дүйсенованың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 20 жылдан астам уақыт бойы басшылық қызметтерде болғанын, елімізде еңбек қатынастарын қалыптастырып, әлеуметтік саясатты нығайтуға зор үлесін қосқанын атап өтті.
«Тамара Босымбекқызы - ең тәжірибелі, іскерлік қабілеті өте жоғары басшылардың бірі. Жаңа министр Мемлекет басшысының сенімін ақтап, министрліктің жұмысына жаңа серпін береді деп ойлаймыз», — деді Премьер-Министр.