15 сәу, 2017 сағат 15:04

СЛОН сорлатқан қазақтар

Жуырда ғана дүниеден өткен жарықтық Евгений Евтушенко «Ленин, а не Сталин, подписал декрет о создании первого в Европе концентрационного лагеря для инакомыслящих в Соловках еще в 1918 году. Сталин был отцом ГУЛАГа, но дедушкой был Ленин» дегені бар еді. Біз әңгіме арқауына айналдырғалы отырған әлемдегі ең жауыз лагерь СЛОН-ды ашқан Ленин болатын.

СЛОН (Соловецкий лагерь особого назначения) дегеніміз – 1919 – 1933 жылдардағы Соловки аралдары (Ресейдің Архангельск облсында) аумағында құрылған КСРО-дағы ең ірі еңбекпен тү­зеу лагері. Қарапайым тілмен айт­қан­да, Соловки лагері. КСРО-да құ­рылған ГУЛАГ-тардың атасы – осы СЛОН.

1919 жылы Архангельск губерниясындағы бірнеше түзеу лагерьлері біріктіріліп, Соловки лагері құрылды. 1921 жылдан бастап СЛОН атала бастады. Алғашқы кезде мұнда дін қызметкерлері қамалса, 1923 жылдан бастап саяси қызметі үшін сотталғандарды жинады. Осылайша, лагерь тұтқындарды «еңбекпен түзеуге» тырысты. 1923 жылы – 2557, 1924 жылы – 5044, 1925 жылы – 7725 адам қамалса, 1928 жылы – 21900, 1929 жылы – 65000, 1930 жылы – 71800 адам СЛОН-ға айдалған. Лагерь тұтқындарының саны қаншалықты көп болғанын осыдан-ақ байқауға болады. Жалпы, СЛОН-ның қызмет еткен жылдары мұнда 7,5 мың адам өлген. Оның 3,5 мыңы 1933 жылғы ашаршылық кезінде қырылды.

СЛОН-ның тұтқындары азап­таудың, зорлық-зомбылықтың неше атасын бастан кешті. Еңбектің ең ауыр түріне жегіліп, соңында ауру үстіне ауру жамап, біразы көз жұмды. Журналист-зерттеуші Тілеу Көлбаев бұл жайлы: «Соловки лагері 1918 жылдан бүкіл КСРО құрылымының ГУЛАГ-тік басқару жүйесінің үлгісін жасап берді. Соловки арал лагері айналасы теңіздермен қоршалса, КСРО-ның айналасы темір тормен қоршалды. Міне, Социалистік Республикалар одағын құрмас бұрын лагерьлік басқару жүйесін оқып, тану жұмыстары осылайша қатаң жүргізілді… Қысқаша айтқанда, Соловки арал лагері КСРО-ны басқарудың лагерьлік жүйесінде «көрнекілік» рөл атқарды. Қолындағысын күштеп тартып алу, аштан өлтіру, тілді ұмыттыру, ассимиляцияландыру, дінсіздендіру, соғыс қаруларын сынау, интернационалдандыру секілді жеті түрлі мақсат Соловки аралында арнайы қолданылған болатын» дейді. Міне, лагерьдің құрылғандағы мақсаты осындай.

Соловкиде елуге жуық ұлт өкілі­ қамалды. Арасында қазақтың қайсар ұлдары да болып, азапты күндерді бастан кешті. СЛОН-да қанша қазақтың қамалғаны жай­лы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен дерек­терде біраз қазақтың болғаны айтылады.

СЛОН-ға айдалған алғашқы қазақ – Дуанбек Балтабаев. Өзбек­станда туған. Соловки түрмесіне 1923 жылы жөнелтіліп, 1937 жылы атылған.

2002 жылы шыққан «Ле­нинг­радс­кий мар­ти­­ролог 1937-1938» кі­та­­бы­ның V томында Дуанбек ту­ралы мы­на­дай мәлі­мет беріл­ген.

«Род. в 1901 г., Узбеки­с­­тан, Сре­дне-Чирчикский р-н, с. Ангор; казах; бывший член ВКП(б); Служащий. Проживал: Отбывал наказа­ние в Соловецкой тюрьме. При­го­ворен: особая тройка при УНКВД по Ленинградской обл. 25.11.1937 г., обв.: 58-10-11 УК РСФСР. Расстрелян 8.12.1937 г».

Дуанбек Балтабаев Соловки лагерінде орыс оқымыстысы, діни философ Павел Флоренскиймен бірге болды. Бір бап бойынша қылмысты деп танылып, бір жерде, бір уақытта атылды.

СЛОН-ға1929 жылы Алашорда үкіметінің мүшелері Мағжан Жұмабаев пен Ахмет Байтұрсынов та айдалды. Мағжан 1929 жылы Қызылжарда қамауға алынды. Ақынды алашордашы, пантюркист, жапон шпионы деп ұстап, алдымен Мәскеудегі Бутыркаға, одан кейін Соловки лагеріне аттандырды.

Ақынның жары Зылиха Жұма­­­­­баеваның естеліктерінде Мағ­­жанның Соловки лагерінде мұ­ғалім болып, сауатсыздықты жоюға қатысты сабақ бергенін айтады. СЛОН-да тұтқындардың біліктілігін арттыруға арналған жұмыстар жүрді. Сөйтіп, лагерь тұтқындарын түрлі саладағы еңбек­к­е жекті. Соның арқасында Мағжан орыс зиялысы Иван Фетисовтың дәнекер болуымен, фельшерлік мамандықты игерді. Осылайша, ла­гердің санитарлық бөлімін ба­с­қарды. Алайда Солов­ки­дегі кезеңі сағын сындыра жаздады.

1934 жылы Мағжан Соловки азабынан құтқарып, қол ұшын созуынсұрап Максим Горький мен жазушының әйелі, сол кезде Қызыл крест қоғамының төрайымы бол­ған Екатерина Пешковаға хат жаз­ды. Ол хаттың иесіне жетіп, нәтижелі болуына Міржақыптың жары Зылиха Жұмабаева мен ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның септігі тиді.

Арада екі жыл өткенде, яғни 1936 жылы екеуінің араағайын бо­луы­мен Мағжан абақтыдан уа­­қы­­тынан бұрын босатылып, Қызылжарға оралды.

Қызылжарда техникум мұғалімі болып қызметке тұрды. КСРО Жазушылары одағына хат жазып, Кеңес әдебиетіне үлес қосатынын айтты. Өкінішке қарай, арада бір жарым жыл өткенде, яғни 1937 жылдың қысында Мағжан ақын тағы да саяси қуғынның тыр­на­ғына ілініп, абақтыға айдалды. Қа­зақ­тың лирик ақыны содан қай­тып оралмады.

Абақтыда айдан, күннен жаңыл­дым,
Сар­ғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағын­дым.

Мағ­жанның абақтыда өткізген күндердің куәсіндей болып артын­да осы «Сағындым» өлеңі қалды.

Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының да тағдыры тым ауыр болды. Ахаң да Соловки лагеріне Мағжанмен қатар, 1929 жылы келді.

Ахмет те Мағжанмен бірге Горь­кий мен Пешковаға хат жазды. Тұр­сын Жұртбай мақаласында Ахаң­ның сол хатын былайша бе­реді:

«Жақын арада жазушының (М.Горькидің) бұрынғы қатыны (Пешкова) бастық болып тұрған мекеме (Қызыл крест қоғамы) арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұр­ған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан ешнәрсе шықпаса, шы­нында да өлу ғана қалады». СЛОН-ның азабы қатты екенін қазақтың қайсар ұлының осы хатынан-ақ байқауға болады.

Екеуінің осы хаттарының нәти­жесінде Ахмет те абақтыдан босап, Соловки лагерімен білжола қоштасты. Отбасымен Алматыға келді. Алайда 1937 жылғы репрес­сия Ахаңның да жанын алып тынды.

СЛОН сорлатқан қазақтың бірі Міржақып Дулатов. Сұм лагерьде Міржақып ажал құшты.

Міржақыптың 1922-1928 жыл­дары Орынборда баспа және педагогикамен шұғылданып жүр­ген кезі еді. 1928 жылы араб қарпі алынып тасталады деген қаулы шық­ты. Мұндайда Міржақып қа­рап қалсын ба, қазақтың тіліне қорған болғысы келді. Соңында, қаныпезер НКВД Міржақыпты «ұлтшыл» деп айыптап, Қызы­лор­даның түрмесіне тоғытты.

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап,
хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамасты, – деп жырлаған абзал азамат қара басының қамы үшін емес, халқы­ның болашағы үшін абақтыға айда­лып кете барды. Бастапқы кезде сот Міржақыпты өлім жазасына бұйырып, артынша мерзімін 10 жыл­ға қысқартты. Алғашында Бу­тыркаға кейін Соловки лагеріне айдалды.

Мұнда Міржақыпты жоғарыда аты аталған Павел Флоренский жазбай таныды. Флоренский өзі де қаламгер болатын. Міржақыптың «Литературной энциклопедии», «Малой Советской энциклопедии» арқылы атын естіген, шығар­ма­шылығынан хабары бар еді. Флоренский Міржақыптың 1934 жыл­­дың басында Мед­вежья гора қаласындағы фельдшерлердің орталық курсында оқуына, фельдшер болып қызмет жасауына себепкер болды. Фло­рен­скийдің мұндағы ойы қазақ ақынын түрме азабынан құтқару еді.

Негізінде, Міржақыптың түр­меден сытылып шығуына мүм­­кіндігі бар болатын.1933 жыл­дың күзінде Мұстафа Шоқай Мір­жа­қыпты абақтыдан алып шығу үшін Соловкиге кемемен адам жіберді. Алайда Міржақып өзі бас тартады. Себебі, ақынның түрмеден шығып, туған жерге ораламын деген үміті болатын. Өкінішке қарай, ол үміті ақталған жоқ.

Қазақ зиялысы өмірінің соңына шейін Сосновец поселкесіндегі Тунгуд бөлімшесінің 5-орталық лазеретінде фельдшер болып қызмет етті. 1935 жылдың қаза­ны­нда дүниеден өтіп, лагерьдің зиратына жерленді.

1990 жылы Карелия Респуб­ли­касында арнайы комиссия құрылып, жергілікті тұрғындардың куәлігі және құжаттардың дәлел болуымен, міржақыптанушы-ғалым Марат Әбсеметтің зор ең­бегінің нәтижесінде Міржа­қып­тың жатқан жері нақтыланып, 1992 жылы сүйегі елге қайтарылды. Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы Бидайық ауылына әкелініп, қайта арулап жерленді. Міржақыптың ақталып, шығар­ма­ла­рының насихатталуы жолында қызы Гүлнар Дулатова көп еңбек сіңірді.

СЛОН-да азап тартқандардың бірі Алашорда қайраткерлері Мырзағазы Есболов болатын. 1891 жылы Қостанай облысында дүниеге келді.

Мырзағазы қазақтың қарымды журналистерінің бірі болды. Ауыл жағдайы, жер мәселесі, ұлт-азаттық қозғалысы туралы өзекті мақалалары «Айқап» журналы, «Қазақ» газетінде жарияланды. Петербордан шығатын «Му­­­­су­ль­­­ман­ская газетаның» тіл­шісі болды. Е.Тілешов пен Д.Қамзабекұлының кітабында Мырзағазының мо­нар­­хиялық режим тұсында «Мусульманская газета» басылы­мын­да жарық көрген «Вол в сте­пи» мақаласы үшін оған 400 сом айып салынғаны жазылған. Мырзағазының жау­жүрек адам болғаны осыдан аңғарылып тұр.

1916 жылдың 25 маусымындағы Патша жарлығынан кейін Батыс майданы штабы жанынан құрыл­ған түз халықтары өкілдері бөлі­мінің жұмысына кірісіп, Минскідегі әскери қосындарды аралады. Мұндағы ойы Әлихан Бөкейханмен бірге майдандағы қазақ жігіттеріне арашашы болу еді. Кейін Алашорда үкіметінің әскери бөлімінде қызмет атқарып, Алаш милициясын жасақтағандардың бірі болды.

Мырзағазы Есболов сондай-ақ білікті педагог-тұғын. 1920 жылдан бастап мұғалімдік қызмет істеп, Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында сабақ берді.1929 жы­лы тұтқынға алынып, 1930 жыл­дың көктемінде 10 жылға Со­ловки лагеріне айдалды. Лагер­де Міржақыппен бірге болып, фельдшерлік курсты бітіріп, кіші дәрігерлік қызмет істеді. 1938 жылы өлім жазасына кесіліп, осы жылдың көктемінде Ленинград түбінде атылды.

Соловки лагеріне айдалған тағы бір қазақ – Ибраһим Қиқымбаев. 1905 жылы Омбыда дүниеге келді. Қара­пайым жұмысшы болды. 1928 жылдың жазында 5 жылға сотталып, 1933 жылы мерзімі 10 жыл­ға дейін ұзартылды. Жазасын СЛОН-да өте­ді. 1937 жылдың қысында өлім жазасына кесіліп, осы жылы Ленинград түбінде атылды.

Иә, өмірін CЛОН сорлатқан қазақтардың саны көп болуы да мүмкін. Себебі, Ахметтің, Мағжанның хаттарында сондай емеурін бар. Бізге белгілісі Солов­ки лагеріне түскен қа­зақ­­­тардың қай-қайсысы да, азап­ты аз көрген жоқ. Қазақ үшін, қазақтың болашағы үшін жан берген боздақтар алдын­да мәң­гі­лік қарыздармыз. Оларды үнемі еске алуға тиіспіз. CЛОН ту­ра­лы жазу боздақтарды еске алуға арналған сондай ойдан туындаған еді.

Серікбол Хасан,

"Айқын" газеті

Жайықтан жеткен сағыныш хат     Сағыныш самалы ақ ерке Жайықтың жағалауынан есіп тұрады. Өйткені, жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген Төлегеннің басқан ізі бар. Жалғыз Жайықтың жағалауы ғана емес, сонау, Алатау мен Тарбағатай тауларынан жететін сағыныш сарқыты өлең сарайының іргетасын қалауға күш салды. «Сағыныш» ұғымы қазақ поэзиясында Төлегеннің өлеңдерінде ғана көрініс табады. О, адамдар біргемін мен сендермен, Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен. Сендер менің бақытымның бұлағы, Сендер менің дарыныма жел берген, – деп адамзатқа деген сағыныш сәлемін, перзенттік тілегін жеткізеді. Төлегеннің тұла бойына біткен бекзат болмыстың ақ парағы сағынышпен жазылып, күні бүгінгі заманның тарауында жалғасын тауып келеді. Күзгі жаңбырдың тамшысындай жылауық өлеңдер көбейді. Төлегеннің тұнық жырларында әуезді үн естілді. Тұғыры берік шығармалар әнге сұранып тұрғандай болады. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», – деп хакім Абай айтқандай, Төлеген ақынның жырлары келешекте әндермен астасқан шығармалар болады деп, өсиет қалдырғандай кейіп танытады.    Рухани сұраныс деген ұғым бар. Руханияттың жаршысы – ақберен ақындар мен қарымды қаламгерлер. Жойқын жарылыстай қазақ поэзиясына ерекше леп әкелген Төлеген сойқан таланттардың санатына қосылды. Қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова: «Талантты болу қауіпті – талантсыздардың ішінде», – деген екен. Таланттар тасада қалады, талантсыздар төрді аңсайды. Төрді аңсаған қауымды Төлеген поэзиясы түп-тамырымен жойып жіберетін алапат күш пе? – деген саналы сұрақ ойға оралады. Төлеген өлең оқудың өзіндік ізін оқу ордасында қалыптастырды. Қа­дыр ақынның өлеңдерінде: «нағыз қазақты» домбырамен суреттейді. Ал, Төлегеннің домбырада ойнағанын бірі білсе, бірі білмейді. «Ақын – ұлт болмысы», – деп ұғынсақ, ұлттық бояу, сезімнің сиқырлы нақышынан көруге болады. Сен менің өзімді көрсең, Тұрысым осы менің. Ал, мендегі ғаламат сезімді көрсең Шошыр едің!.. Өзіндік болмысты төрт жол өлеңімен суреттеп береді. Ғажайыптан өрбіген тәтті сезім ғаламат сезімге ұласа жөнеледі. Сағыныш ұғымының қатарына сезім қосылды. … Кім білсін талай күнгі тілегім ед, Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның. Иә, ақын жүрегі көрегенділіктің белгісі ме?! Рас, Мәңгілік Елдің тарихнамасына Төлеген жырлары ақын көңілінің жазбаларындай тасқа қашалып жазылды. Заңғар жазушы Ә.Кекілбаевтың: «Ақиқаттың мекені – жүрек. Оған кеңістіктегі ерен болмысты түгел сый­ғызуға болады», – деген көркем ойдың астарында жатқан ұлағатты сөзі бар.Төлеген поэзиясы – өлең сүйер қауымның жүрегіне жетіп жығылып, іргетасын қалады.Қазіргі қазақ поэзиясында Төлегеннің іздері көп. Құштар көңіл – өлеңнің ақжелкенін көтерді. «Арман сапары», «Өмірге саяхат», «Мен саған ғашық едім», «Құмдағы мұнаралар», «Аманат», «Бір тойым бар» дастандары мен шығармалары арқылы қазақ әдебиетінің алтын қанатына айналып, ел есінде қалды. «Құмдағы мұнаралар» атты өлеңдер жинағы үшін Ленин комсомолы сыйлығының иегері атанды. Жанассаң жанда жаз қалар, Жарқырай түскен жарықтар. Қазылмай жатқан қазбалар, Жазылмай жатқан тарихтар. Еліміздегі қазба байлықтардың жер қойнауында жатып, игерілмей жатқанын айтады. Қазақтың тарихына деген алаң көңіл ақын жүрегін бей-жай қалдырмайды.Ақынның қоғамдағы күрмеулі мәселелердің шешілуі үшін қолына қалам алып, қағаз бетіне өлең жолдарын түсіргені байқалады. Қызық сюжет. Астарлы ой. Айбергенов әлеміне бойласақ, «Арал жырлары» өлеңі көзге түседі. Шағалаң бейне төбеден, Әуелеп ұшқан ақ парақ. Аумағың толы көп өлең, Айдының фотоаппарат. Қарақалпақ халқы теңіздің бойын жағалап, балық аулап күн көрген. Қарақалпақстан мен Арал бойындағы ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігі ұқсас, ақындар мен жыршылардан кем емес екенін айтады. Жартасты жарып өтетін айдынның асау толқынын куәгер ретінде суреттейді.      Төлегеннің сыни мақалаларын оқысақ, қатал сыншы, очеркіне зер салсақ, шебер журналист, әңгімелерінен зерделі сөздің зергері екен­дігін ұғынуға болады. 1962 жылы «Жұлдыз» журналының № 8 санында «Қоңыр күз еді» атты мақаласы жарық көрді. Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» атты повесі хақында шығарманың табиғаты ашылғанын, үздік шығармалардың санатына қосу керектігін жазады. Ұлт ұстазы Зейнолла Қабдоловтың да тақырыпқа сәйкес мақаласы жарық көрген кез еді. Бұл Төлеген ақынның сөзді терең түсінген қаламгер екенін дәлелдей түседі.    Төлегеннің Мұхтармен, Шәмшімен мызғымас берік достығы көпке үлгі. Айбергенов поэзиясының әсеріне еніп, атой салар ақынның егіле-төгіле жырлауына еліктеп өскен жыршылардың бірі – Мұхтар Шаханов. Ол өз сөзінде: «Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдаяқов үшеуміз ерекше достық қарым-қатынаста болдық. Анам марқұм 13 құрсақ көтерген, соның ішінде менен басқасы түгел о дүниелік болып кеткен. Неше балаңыз бар деп сұраған адамдарға: «Менің үш балам бар: үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – мына Мұхтар» – дейтін. Мұхтар Шаханов Төлеген шығармаларынан нәр алып, ағалық ақылын тыңдап, қасында жүріп, көп нәрсені үйренген. 1965 жылы Атырау топырағында Шәмші екеуі сапарлап келген сәтінде, Жайықтың толқындары әсер етті ме, қайдам?! Жаға­лаудың ақ самалынан рақат күй кешкен Төлеген мен Шәмшінің «Ақ ерке – Ақ Жайық» атты әні дүниеге келді. Лирикалық ән. Фаризаның «Жайықтың толқындары» мен Төлегеннің «Ақ ерке – Ақ Жайық» атты туындылары Жайық бойына ескерткіш орнатқан, озық әндердің үлгісі болды. Апыр-ай, жағалауға тіл біткендей, ала дүлей сезім денемді бойлай жөнеледі. Қыздары Салтанат пен Айнар Айбергенова Атырау топырағына қадам басқан сәтте, «Қазақстан – Атырау» телеарнасы арнайы хабар түсірді. Хабарда қызы Салтанат: «Ақ Жайыққа әкемнің басқан ізін көрейін, әкемнің 80-жылдығын естеріне салайын», – деп келдім. Әке аманатын арқалаған ұрпақтың ішкі ой, жан дүниесіндегі алай-дүлей сезімі.      …Із. Ұрпақ сабақтастығы. Жұмекеннің әкесі Сабыр соғысқа аттанған сәтте, Нәжімеден қарт Ашақ құмында ізін басқызып, қазанмен бетін жауып қояды. Ізді сақтау – қарттардың өнегесі. Төлеген мен Жұмекен – тағдырдың толқынында тербелген, тау тұлғалар екенін естен шығармауымыз қажет. Төлегеннің поэзиясы арқылы қа­зақтың сөз өнері биік деңгейге көтерілді. Қазақ поэзиясына ерекше үн қосып, екпінді поэзияның қалыптасуына күш салды. Себебі, 18 буынды өлеңді жазу, тек, Төлеген талантының бір қыры еді. Астарлы ойлардың түп-тамырына бойлап, бүтін болмыстың кем-кетігін түзеді. Көмбенің құпиясын ашып, алтын сандықтың кілтін XXI ғасырдың ұрпақтарына табыстады. Заңғар шыңға Төлеген есімі қазық боп қағылып, күллі қазақтың жүрегінде сақталды. Артында қалған адал перзенттері – әке өсиетін жалғаған, әдебиет әлемінен кейінгі жоқтаушылары. Төлеген 30 жасында өмірден өтсе де, өлмес мұрасын жинақтап, біреуіңде жоғалтпай бізге жеткізген – Үрниса ананың тәлім-тәрбиесін алып, адам қатарына қосылған төрт қыз бен бір ұлы – Айбергеновтер әулетінің терең тамырлы тарихын, шаң басқан шежіресін жаза түсті.      «Өзгеге қалай көрінетінін біл­меймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірімнің ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткізген, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да, мен ойлар үшін, ойлану үшін қаншама уақытым кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтемін ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззатқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қанша ойларды қағаз бетіне түсіре бергенде ғой, басқа үшін елеулі дүние болмағанмен, өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!», – деп Төлеген ақын өз естелігінде өмірдің өзендей ағып өткенін ауыр күрсініспен суреттейді. Иә, өзі айтқандай, ғұмырдағы уақыты саналы әрі даңқты өтті. Сағаттың тілі тоқтамады. Әдебиеттің алтын кені – Төлеген мұрасын халқына жолдап отыр. Ақын ғұмырының есімін мәңгі есте қалдыру жұмыстары әлі де жалғасады. Төлегеннің тұңғиықтай терең, бұлақтай мөлдір жырлары қазақтай ұлт барда мәңгі сақталады.         Көңіл   қанаты   Қазақтың қаны ақберен ақындықтың, ақжарма күйшіліктің, сұңғыла сазгерліктің елі екені барша қауымға белгілі. Кезінде Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова бастаған топтың қатарына дарынды тұлға қосылған болатын. Ол адамгершілік пен азаматтық, ақындық пен қаламгерлік қабі­лет пен қасиет бойына дарыған дарынды тұлға Меңдекеш Сатыбалдиев еді. Ақын жыраулық поэзия мен қазіргі поэзияны ұштастырған серпінді әрі екпінді өлеңдерді қазаққа сыйлап, әдебиет әлеміне жаңа тыныспен келген адуынды қаламгерлердің бірі. Оның өлеңдерін оқып отырғанда таза, нәзік те пәкизат сезімнің адамы екені көрінеді де тұрады. Өлеңдерінде «көңіл» деген сөз көп қолданылады. Үлкен оймен, ауыр мұңмен өрілген өлеңдерінің өзінде тапқыр ой көрініс табады. Жем бойындағы аталар аманаты мен бабалар өсиетін құлағына құйып өскен Меңдекеш ақын жетімдік қасіретін ерте көріп, бұғанасы қатпай жатып, ауыр жұмыстарды атқарып, нәтижесінде бұғанасынан айырылды. Алайда, алдағы күннің алтын шуағына сеніп, келешектен күдер үзбеді. Ақынның көзін көрген замандастары сұңғыла ойдың иесі, қаламы қарымды журналист, парасат биігінен көрінген жайсаң азамат ретінде еске алып, зиялы тұлға ретінде жанына ерген елгезек жанның қадір-қасиетін шын ұғатын, бір ғана жолмен жүріп және «Меңдекеш даңғылына» айналғанын тілге тиек етеді. Ақ Жайықтың асау толқынындай тебіренген Меңдекеш шығармашылық бірлестіктің шы­мыл­дығын ашуда, көшбасшылық қалыбын көпшілікке танытып, жанына жойқын жарылыстай таланттарды жинады. Бұл «Жас дәурен» ұйымы еді… Ұйым мүшелері қатарында Ф.Оңғарсынова, Н.Әжіғалиев, Қ.Жүсіп, А.Ершуов, т.б жас дарындар өлең айдынында ақ желкенін көтерді. Отыз жетінің зұлмат жылдарында дүние есігін ашып, кейін балалық шағын сұрапыл соғыс жалмаған Атыраулық Марат Отаралиев пен Меңдекеш Сатыбалдиевтің өлең атты киелі өнерді қолға алуға жарық жұлдыздай ағып түскен Төлегеннің әсері болды. «Бүлінді қала сарнап, дала сарнап, Біздің де шытырлады қара шаңырақ. Біреудің жары қалды тас құшақтап, Біреудің қалды артында анасы аңырап», – деп балалық шағы соғыс кезінде өткен ақын сол кезеңдегі жетімдіктің тақсіретін су­реттейді. Алайда, өлеңде мұңдас, сырлас, тағдырлас талант иелері орда бұзар отыздың шеңберінде ғұмырлары күрт үзілді. Әттең..! Тек, тұла бойыңды тұмандай жау­лаған, өзекті өртеген өкініш өңешіңнен шы­ғатындай болады. Ол «Арманым» атты өлеңінде: …Дариға сонда, қоңырауы болып, Күнге беттеген күйменің, Найзағай тектес тілгілеп өтсем, көкала бұлттар түйдегін. Әлемде бұрын бірде-бір пенде, Тартпаған дәмдей тамсантып, Артымда менің Құйқылжып жатса, Топан да топан күйлерім. Асқақ арманның арғымағына мінген Меңдекештің беймаза көңілі, қиял-ғажайыпқа селкеу түспес сенімі, болашақтағы мол мұрасының мейлінше оқырман қауымның көңілінен шығарына кәміл болуынан туған өлең жолдары құдды ескерткіштің іргетасын қалап кеткендей кейіп танытады. Меңдекештің әлемі – теңіздегі дауыл кезінде көк аспанның төріне тізбектелер шаңқ-шаңқ еткен шағалалардың санатында емес, ұлылығы мен кішілігін тең ұстаған кемеңгерліктің зор үлгісі еді. Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбер­геновтің Атырау, Маңғыстауға барған сапарлары қазақ мәдениетінде алтын әріппен жазылатын болған. Қос дарынның тудырған дүниесін құлақтарына құйған қауым басын шайқап таңқалады. Керемет кездесулер мен таңдай қақтыратын оқиғалардың қақ ортасында жүріп, негізгі ұйытқысы – Меңдекеш Сатыбалдиев болған көрінеді. Облыстық радио мен газет арқылы облыс жұртшылығына танылып, арасында ғана республикалық газеттерге мақаласы жарияланып жүрген Меңдекеш өлең атты босағаны кейін аттады.Көкірегінде мөлдір бұлақтай төгілген жыр жолдарын Төлегеннің алтын құлыппен ашып жіберген соң туған, сағыныш сазы мен жүрек тебіренісін қозғайтын қадау-қадау жыр жолдары поэ­зия патшалығының кең сарайын ашқызды. Саф сарқыттай, көмбенің құпия қазынасындай жыр бұ­лағы шөліркеген қауымды сусындатты. Меңдекештің қай өлеңін алып қарасаңыз да, әуелі өмірге деген құштарлық, кейбір тұсында міндетті түрде мұң жатады. «Көктем» деген өлеңінде: Көктемнің мынау алдынан шықтым жүгіріп, Кеудемде бір сәт қанатын қағып мың үміт. Дүние тұтас айналып кетті базарға, Алымсақ арман базарға тартты күбініп, – дейді де, аяғында, «қайран көңілімді қайтейін, әттең, мен ылғи өстіп жүре бермеймін» дегенге келтіреді. Өзінің қыр­шын кететінін, өмірі тым қысқа боларын болжап жазған секілді. Көп ұзамай басқа қызметтерге шақыр­тулар түсе бастады. «Мәдениет және тұр­мыс» журналының жауапты хатшысы болып тағайындалып, баспасөздегі орнын заңғар биікке көтеріп, оқырмандарына өзекті әрі танымды мақалалар сыйлады. Ақын өміріндегі шабытты кезеңдердің бірі болды. Әдебиеттегі аға буын мен қатарластарының топ ішінен іздейтін, алтын тәж кигізетін қалаулы азаматына айналды. «Жалын тарттым жел қанат бәйгі атының, Албырт туған тентекке қайда тыным?! Тежемедім тізгінді, қайран жүрек алып-ұшып қадайды Айға туын», – деп кезінде шығармашылығына жоғары берген Ғафу Қайырбековке арнаған өлең жолы тұғыры берік, қазыналы жырлардың жалғасы екені белгілі. Алаштың ақиық ақыны Фариза Оңғарсынова өз естелігінде: «Шілденің 20-сы күні ғой деймін – кабинетіме Меңдекеш келді. Үстінде ақ көйлегі бар. Өзі ел жаққа іс-сапарға барып, көңілді оралған беті екен. Содан 1-2 ай бұрын Меңдекештің үйінде отырып, екеуміз әдебиет мәселесі төңірегінде келіспей, ақыры «дүрдараз» күйде мен кетіп қалғам. Бұл жолы екеуміз де түк болмағандай жарқылдап әңгімелесе кеттік. Біраз отырды. Өткен-кеткенді еске алдық. Бұл менің Меңдекешті соңғы рет көруім екен. Бірер күн өткенде Меңдекеш ауруханада жатыр деп телефон соғылды. Ақұштап екеуміз такси алып, бардық. Ішке кіргізбейді. Күнде ертемен және жұмыстан кейін Аманкелді мен Комсомол көшелерінің бұрышындағы аурухананың алдында дос-жолдастары болып, тұрып-тұрып кетеміз. Қиналып жатқанын сезіп, іштей егілеміз. Бірақ, қолдан келетін ештеңе жоқ. 2 тамыз күні таңертеңгі 7-де әдеттегідей алып-ұшып ауруханаға келсек, жым-жырт… Қазақ поэзиясының көгінен тағы бір жарық жұлдыз ағып өтті», – деді. Иә, «Азырақ болып ортаңда, көңіліңде тұрсам көбірек», – деп өмірдің сан тараулы жолдарын санаға құйған Меңдекеш ақынның мерейі еселене берсін деген тілек бар. «Жақсыны көрдім – Жарамсақтарға алданған, Жаманды көрдім – Жақсының атын малданған. Бақытты көрдім – соңында бұққан қайғысы… Не көрмейді адам осынау жалпақ жалғаннан?! Батырды көрдім – Тағдырдың шалған үсігі, Ақынды көрдім – Қашалған тастан мүсіні…», – деп Меңдекеш ақын жырлағандай, қайран қазағымның тіршіліктегі жақсылығына сүйсініп, жамандығына күйінген ақын болмысының кенеттен қашалған мүсінге айналғанын байқауға болады. Ал, бұл сәуегейлік пе? Тағдыр ма? Ақын есімін ардақтау мақсатында Атырау қаласының орталық көшесі мен туған жері Жылыой топырағында мектептің аты берілді. Оқырманы сағынған, елін арманда қалдырған Меңдекеш ақынның 2017 жылы аталып өтілетін 80-жылдық мерейтойы қарсаңында республикалық дәрежедегі мүшәйра алтын бесігінде өтетін болса, ақын рухын тербетер игілікті шара болары сөзсіз.   Әділбек Өмірзақов, Әдебиеттанушы 87782456020, Атырау қаласы.