Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының Достық үйінде Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған көркемсөз оқу шеберлерінің конкурсы өтті. 18-бен 29 жас аралығындағы жастар қатысқан байқауға аудандық кезеңдерден өткен 12 жеңімпаз қатысты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Жалпы аталған сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең: Жамбыл Жабаевтың лирикалық өлеңдерін жатқа оқу; екінші кезең: ақынның поэмаларынан үзінділер оқу; үшінші кезең: үміткерлер әділ қазылардың назарына Жамбыл Жабаевтың құрметіне шығарған өз туындыларын ұсынды.
«Байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – ақынның шығармалары арқылы Жамбыл жазған жалпы адамзаттық құндылықтар – патриотизм, адамгершілік және әлемге деген сүйіспеншілікті көрсетуболып табылады. Облыстық деңгейде өткен байқауымызға Өнер колледжінің оқытушылары мен С.Мұқанов атындағы қазақ драма театрының өкілдері, СҚО білім басқармасының және Тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері болды қазылық етті. Бәрі де әділ өтіп, қатысушылар да дән риза болды», - дейді облыстық Достық үйінің меңгерушісі.
Осы орайда айта кетейік, Шал ақын ауданынан келген Данагүл Аюпова үздік атанып, жеңіске жетсе, екінші орынды Мамлют ауданының атынан қатысқан Әбілмәжінова Маржан иеленді. Ал үшінші орынға Айыртау ауданынан Нашкенов Айдын ие болды.
«Облыстық Достқы үйі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған байқауда жеңімпаз болатыныма сенімді болдым. Өйткені әр қатысушы барынша дайындалып, қалайда жеңемін деп келеді емес пе?! Қуанышыма орай, үмітім алдамады. Жамбыл ақынның жырларын бүгіннен ертеңге жеткізіп жатсақ, бізден асқан бақытты ұрпақ болмас, сірә. Бүгінгі жеңісімді еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймын. Өте қуаныштымын, ұйымдастырушылар мен мені қолдаған барлық жанашырларыма шын жүректен алғыс айтамын», - деді байқаудың жеңімпазы Данагүл Аюпова.
Сонымен қатар қазылар алқасы бірқатар номинациялар бойынша бірнеше қатысушыларды марапаттады. «Жыр алыбы» номинациясында - Шерниязова Жайнаның (Аққайың ауданы) өнері, «Поэзия шебері» номинациясында - Майрашева Әлияның (Ғ. Мүсірепов атындағы аудан) шығармашылық тәсілі және «Шығармашыл тұлға» номинациясында - Байғанова Замзагүлдің (Уәлиханов ауданы) шеберлігі атап өтілді.
«Мен «Поэзия шебері» номинациясы бойынша марапатталдым. Жалпы менің жыр алыбы Жамбылға арнаған өз туындыларым қазылар алқасының көңілінен шыққан сияқты. Өйткені қазылардың құрамындағы барша азаматтар сөз қадірін білетін, поэзияны түсінетін жандар ғой. Мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да шығармашылығымды шыңдап, әлі талай байқауларда бақ сынайтынымызға сенемін. Ең бастысы әдебиетімізден ойып тұрып орын алатын Жабылдай жыраудың жырларын бүгін мен келешекке қаз-қалпында жеткізе алсақ нұр үстіне нұр болар еді», - деді «Поэзия шебері» номинациясының иегері Әлия Майрашева.
Сонымен бірге, қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылық көзқарасын, ақынның шығармашылығына деген құрметін атап өтіп, жастарға жаңа жеңістер тіледі.
Төрешілердің айтуынша, әрбір қатысушы байқауға тыңғылықты дайындалып келген. Облыстық деңгейде өткен байқаудың нәтижесінде еліміздің солтүстік өңірінде де ақын-жазушылардың шығармашылығы өз деңгейінде насихатталып жүргені байқалды. Қазылар алқасы өз кезегінде қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мұндай байқаулар алдағы уақытта да жалғасын табуы керек деген тілектестіктерін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Солтүстік Қазақстан облысының Достық үйінде Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған көркемсөз оқу шеберлерінің конкурсы өтті. 18-бен 29 жас аралығындағы жастар қатысқан байқауға аудандық кезеңдерден өткен 12 жеңімпаз қатысты. Жалпы аталған сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең: Жамбыл Жабаевтың лирикалық өлеңдерін жатқа оқу; екінші кезең: ақынның поэмаларынан үзінділер оқу; үшінші кезең: үміткерлер әділ қазылардың назарына Жамбыл Жабаевтың құрметіне шығарған өз туындыларын ұсынды.