15 шіл, 2020 сағат 12:15

«СК Фармация» номенклатурасының 50 пайызы - отандық өнімдер

Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» компаниясы номенклатурасының 50 пайызы отандық препараттар мен медициналық бұйымдардан тұрады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брфинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның фармацевтикалық нарығы импортқа тәуелді. Бұл нарықтағы отандық өндірушілердің үлесі небәрі 13 пайызды ғана құрап отыр. Дегенмен, отандық медициналық препараттар өндірушілерді қолдау мақсатында құрылған Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» компаниясы олармен 10 жылға ұзақмерзімді келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде отандық өндірушілерден препараттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу көлемі бірнеше есеге артты.

«Бүгінгі таңда Бірыңғай дистрибьютор номенклатурасының 50 пайызы отандық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардан тұрады», - деді Людмила Бюрабекова.