Балалар әдебиеті дегенде балаларға арнап жазатын ақын-жазушыларды атап жататынымыз рас. Дегенмен балаларға арнап жазатын балалар да бар. Осы орайда «Ұлт» порталы ертегі жазатын ерке қызбен таныстыруды жөн көріп отыр. 12 жастағы Разия Ақпар «Ертегі әлеміндегі ханшайым» атты алғашқы жинағын шығарып үлгерген жас автор. Нұр-Сұлтан қаласында №72 мектеп-лицейдің 7-сыныбын бітірген жазушы қыз бүгінде әлеуметтік желілерде танылып келе жатыр.
«Бастауыш сыныптан бері тақпақтар, ертегілер құрастыратынмын. Басында тек отбасы, жануарлар туралы ертегілер жаза бастағанмын. Кейін балаларды қызықтыратын барлық тақырыптарға жазатын болдым. Менің алғашқы оқырманым да, алғашқы қолдаушым да – анам. Менің ертегілерімді оқып, таңғалысы мен мақтанышын жасырмай өлісіп отырады. Инстаграм парақшасына салып, оқырман жинай бастадық. Алғашқыда ертегі жазатынымды жасырушы едім, өйткені қазір оған ешкім қызықпайды деп ойлайтынмын. Алайда олай емес екен. Шығармашылығыма қолдау білдіріп отырған анам мен ұстазыма алғысым шексіз», - деді Разия Ақпар.
Разияның ұстазы оқушысының осындай қабілетті әрі дарынды екенін мақтан тұтады. Түрлі байқауларға, олимпиадаларға қатысатын үздік оқушысының болашақта мықты жазушы, ерекше дизайнер болатынына сенімді.
«Біздің Разия мектебінің ғана емес, Елорданың мақтанышы дер едім. Еліміздің астанасында осындай таланттар өсіп келе жатқаны қуантады. Разия сабақта үздік, шығармашылықта жаны бөлек, досқа адам, өзі көпшіл, бауырмашыл қыз. Мектепте жазатын шығармалары да қатарластарынан оқ бойы озық болады. Шығармашылық адамының жаны нәзік болады деген рас, Разияның жүрегі аппақ. Көңілі таза. Оның қабілетін қолдап, дарынын ұштап жіберсе, болашақта мықты жазушы шығады деп ойлаймын. Ал салған суреттеріне қарасаңыз, талантты дизайнер де шығатынына сенімді боласыз. Осындай талантты, дарынды, үздік қызды тәрбиелеп отырған ата-анасына ризашылығымызды білдіреміз», - дейді ұстазы.
Шабытты, идеяны табиғаттан алатын кішкентай жазушы ертегілерін бірнеше бөлімге бөліп құрастырады. Бір ертегі үшін 3-4 күн уақыт жұмсайтын Разияға кітап шығару туралы ойды оқырмандары ұсынған.
«Иә, рас, достар оқырмандарымның қолдауының арқасында «Ертегі әлеміндегі ханшайым» атты туындым жарық көрді. Кітаптың ерекшелігі – өзім салған суреттермен безендірілуінде. Кітапта мен ханшайым кейпінде бір ертегіден екінші ертегіге көшемін. «Ертегі әлеміндегі ханшайым» деп атағаным да сондықтан. Бұнда бір ғана емес, түрлі тақырыпта жазған ертегілерім жинақталған. Әр ертегінің оқырмандарға, әсіресе бүлдіршіндерге берер тәрбиелік мәні зор. Мысалы, «Жыл мезгілдері» деген ертегімде төрт жыл мезгілін төрт қызға теңедім. Ертегінің мақсаты – адамдарды сыртынан өсектеуге болмайтынын үйрету. Кітапта бұдан өзге оқырманды ізгілікке, адалдық пен адамгершілікке шақыратын он ертегі бар. Өзіме «Сөз таптары» деген ертегім қатты ұнайды», - дейді Разия.
Жас жазушы кітабының тұсаукесерінен соң танымалдылығы арта түскен. Түрлі телебағдарламаларға шақырылып, басылым тілшілері сұхбат беруін өтіне бастаған. Ең қызығы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов сыйлық беріп, болашағыма сәттілік тілепті. Разия жазу, сурет салумен қатар, тоқыма тоқып, қолөнермен де айналысады. Ал болашақта жазушылықпен қатар, киім дизайнері болғысы келеді.
Осы орайда «Ұлт» порталы жаз жазушының шығармашылығына толағай табыстар тілеп, барлық арман-мақсаттарына жете берсін деген ізгі тілектестігін білдіреді.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында Разия Ақпар есімді жас жазушы тұрады. Ол Елордадағы №72 мектеп-лицейдің 7-сыныбын бітірген. Түрлі ертегілер жазып, сурет салып, қолөнермен айналысқанды жаны сүйетін шығармашылық иесі. Бүгінде Разияның «Жыл мезгілдері, «Сөз таптары» сияқты ертегілері оқушылар арасында кеңінен танылған.