Сириядағы Әл-Хол босқындар лагерінде отырған тәжік әйелдер Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға үндеу жолдап, мемлекет басшысынан елге оралуға көмектесуін сұрады.
Сириядағы босқындар лагерлерінде кезінде Сирия мен Иракта "Ислам мемлекеті" тобы (Қазақстан аумағында тиым салынған террористік құрылым) жағында соғысқан содырлардың әйелдері мен балалары тұрып жатыр.
Сирияның солтүстігіндегі Әл-Хол және Родж лагерлерінде шамамен 600 тәжік әйелі мен бала бар. Олардың дені Сирияға күйеулеріне еріп келген, бұл аймақта шын мәнінде не болып жатқанын білмеген.
Тәжікстан президентіне жазған хатында босқындар лагеріндегі тәжік әйелдері мемлекет басшысынан оларға елге оралуға көмектесуін сұраған. Бұның алдында Рахмон Сириядағы лагерлердегі 500 тәжік әйелі мен баласы елге оралады деп мәлімдеген.
"Сіздің сөзіңіз бізге күш берді. Біз отанға оралатын сәтті тағатсыздана күтіп жүрміз. Балаларымыз бұл елде өскенін қаламаймыз" деп жазды тәжік әйелдері.
Осыған дейін Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан Сирия мен Ирактағы экстремистерге қосылған жүздеген азаматтың отбасын еліне қайтарған. Олардың кейбірі өз елдерінде сотталды.