28 нау, 2018 сағат 11:16

Синоптиктер алдағы үш күннің ауа райы болжамын жариялады

«Қазгидромет» РМК 29-31 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Синоптиктердің айтуынша, циклондар мен антициклондар Қазақстан аумағы арқылы жылдам өтуіне байланысты республикада құбылмалы ауа райы сақталады, жиі жаңбыр мен қар жауады.

Алдағы үш күнде Қазақстан аумағының басым бөлігінде күн жауын-шашынды болып, еліміздің оңтүстік жартысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, солтүстік бөлігінде қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі, көктайғақ болады. Қазақстанның көптеген өңірінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары күйінде қалады, тек солтүстік аудандарда нормадан 2-3 градус төмен болады.