29 қыр, 2018 сағат 20:44

СІМ: Прадоның Қазақстан аумағында түсірілім жасауға рұқсаты болған

Франциялық журналист және режиссер Венсан Прадо алған уақытша аккредитация Қазақстанның барлық аймағында түсірілім жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне Азаттық тілшісіне берген мәлімдемесінде айтқан.

Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында Прадоның аккредитациясы 27 қыркүйекте аяқталғанын, кейін қайта өтініш жазған соң 10 қазанға дейін ұзартылғанын жазған.

"Ligne de Front студиясының режиссері Винсен Прадо Астана және Алматы қаласында мәдени, әлеуметтік-экономикалық тақырыпта деректі фильм түсіруді жоспарлады. Оның ішінде Астананың архитектурасы, туризм, кәсіпкерлік, өнер және үйлену той салты тақырыптары бар. Ал екінші рет Шу аймағындағы есірткі бизнесі туралы түсіруге рұқсат сұрады" деп жазған министрлік өкілі ресми жауабында.

Бұған дейін Смадияров: "Прадо аккредитация сұрағанда Маңғыстау облысында түсірілім жасайтынын айтпады" деген. Бірақ Азаттыққа берген жазбаша жауабына қарағанда, Венсан Прадоның Қазақстан аймақтарында түсірілім жасауға рұқсаты болған.

27 қыркүйекте Ақтау әкімшілік соты Франция азаматы, Ligne de Front студиясының режиссері, журналист Венсан Прадоға "Қазақстанның көші-қон туралы заңын бұзғаны" үшін 60 мың теңге (шамамен 165 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салған . Маңғыстауға 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы фильм түсіруге келген режиссер өзіне тағылған айыппен келіспейді.