30 шіл, 2019 сағат 10:46

Сібірге су тасқынының екінші толқыны келді – 475 үй су астында қалды

Ресейдің Иркутск облысында толассыз жауған нөсерден кейін 27 шілдеде басталған су тасқыны 20 елді мекендегі 475 үйді шайып кетті, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

«Облыстың сегіз ауданын су басты. 20 елді мекендегі 475 үй су астында қалды. Онда тұратын 2 мың 699 адам, соның ішінде 653 бала зардап шекті. Бұдан тыс, 657 үйдің ауласы, әлеуметтік маңызы бар екі нысан, бір автомобиль көпірі, автожолдардың үш учаскесін де су басқан», - деп мәлімдеді ТЖМ өңірлік бас басқармасының баспасөз қызметі.

Нөсер салдарынан Кирей, Ия, Олха, Катаржанка, Солзан, Харлахта, Ока, Тойсук және Хорка өзендерінің су деңгейі көтерілген.

Ия өзенінің ең көп зардап шеккен Тулун қаласының маңындағы бөлігінде су деңгейі 9,9 м жеткен, ал шектік меже 7 м болатын.

Айта кетейік, тасқынның алғашқы толқынында Ия өзенінің деңгейі 13 метрге жеткен. Сол кезде 887 тұрғын үй су астында қалып, 835 адам эвакуацияланған еді.