30 шіл, 2019 сағат 15:06

Сібірдегі өрт Қазақстан үшін қауіпті ме?

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Ресейдің Сібір аумағындағы өрттің таралуы Қазақстанға қауіп тудырмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл өрт бізге қатер тудырмайды. Төтенше жағдайлардың үйлестірушісі ретінде барлық өртке қатысты мәселені бақылауда ұстауға және дер кезінде көмек көрсетуге тырысамыз», - деді В. Беккер.

Оның пайымынша, ел аумағы үлкен болғандықтан тілсіз жаумен күрес ресейлік құтқарушылар үшін қиынға соғып тұр.

«Біз өртті бастапқы кезеңде өшіруге бар күш-жігерімізді салып келеміз. Өкінішке қарай, Ресейде табиғи өрттер проблемасы бар. Өйткені бұл елдің аумағы өте үлкен. Сонымен қатар, біздегі сияқты РФ-те елді мекендер арақашықтығы тым алшақ. Ресейліктер өрт ошақтары анықталған жағдайда бізге хабар береді. Бұл шаралар өртке уақытылы әрекет ету үшін жасалады», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін елорданы басқан түтін Ресейдегі орман өрттерінен келіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.