09 қаз, 2023 сағат 18:33

Шымкент полициясы кибераферистерді іздестіріп жатыр

Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Шымкент полициясы кибераферистерді іздестіріп жатыр. Олар қала тұрғындарын 50 млн теңгеге алдаған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алматы, Ақтөбе, Тараз қаласының 31,36,37 жастағы тұрғындары шымкенттік 30 адамды алдап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 50 миллион теңгеге жуық.

Алиса Аманова, Элина Хамидова және Рамис Расимов есімді азаматтарға ағымдағы жылдың шілде айында ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен (бірнеше рет жасалған алаяқтық) халықаралық іздеу жарияланды" - делінген хабарламада.

Олар көлік сату сайтында орналасқан басқа біреудің хабарландыруын көшіріп алып, төмен бағада жарнамалаған. Қоңырау шалған клиентпен кездесу туралы келіскен. Келесі кезекте олар клиенттің атын жамылып, көлік иесіне телефон соғып, онымен де кездесуге келіскен.

Қаскүнемдер екі тарапқа да көлікті көруге және көрсетуге туысы келетінін, ақша жөніндегі мәселелерді онымен телефон арқылы шешу керектігін ескерткен. Осылайша олар нағыз сатушы мен сатып алушыны бетпе-бет жүздестірген соң, сатып алушыға қайта қоңырау шалып, ақшаны өз есепшоттарына аудартып алған.