28 қаң, 2018 сағат 21:45

Шымкент мешітінде ер адам өзіне қол салмақ болды

Ер адам Оңтүстік Қазақстан облысындағы мешіттердің бірінде тұрып өзіне қол салмақ болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі tvk-uko.kz сайтына сілтеме жасап.

Сайрамдағы молда Тұрсынқожа Ханходжаевтың айтуынша, оқыс оқиға орталық мешітте 26 қаңтар күні шамамен сағат 16.20-да болған. Діни қызметкер әлгі ер адамды қолы мен мойны кесілген күйде табады. Кейін молда оны үйіне жібермек болады. Бірақ ер адам газ шлангісін кесіп жіберіп, өзін өртейді. Осы сәтте молда отты сөндіріп, полиция, өрт сөндірушілер қызметін және жедел жәрдемді шақырады.

«Оның қолы мен күртесі өртенді, жүзінің сау-тамтығы қалмады. Сасқалақтап отты өшіре бастадым, дауыстап адамдарды да көмекке шақырдым. Кейін жедел жәрдемге хабарластым. Олар келгенше әлгі ер адамнан не себепті бұлай жасағанын сұрадым. Ол өз кезегінде мұны өзіне назар аударту үшін жасағанын мойындады. Мешітке бұрыннан бері келіп жүр. Өзі ішімдікке салынған, отбасында да қиындықтар бар», - дейді молда.

Жедел жәрдем өзіне қол салмақ болған ер адамды Шымкенттің қалалық ауруханасына апарып жатқызды. Кейін күйікті емдейтін орталыққа ауыстырды.