03 мау, 2017 сағат 17:50

Шығыстың озық үлгісінен үйренеріміз көп

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары арнайы сапармен Сингапурде болды. Онда қазақстандық партия өкілдері бірқатар кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атап айтқанда, Мұхтар Құл-Мұхаммед Халықтық іс-әрекет партиясының Бас хатшысы, Сингапурдің Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен, осы партияның төрағасы Кхо Бун Ванмен, Парламент спикері Халима Якубпен және Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің ректоры Кишоре Махбубанимен кездесті. Сондай-ақ, нұротандық делегация Наньян технологиялық университетінің роботтар жасайтын ғылыми-зерттеу орталығында болып, жұмысымен танысты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапур премьер-министрі Ли Куан Юдің ролі ерекше екенін айтып: «Сингапур мемлекетінің негізін салушы Ли Куан Ю бірнеше рет Қазақстанда болып, біздің Елбасымыз туралы өте жоғары пікірде болды. Мұндай үрдіс саясаткерлердің бүгінгі буынынан да байқалады. Бұл елдің табысын Батыстың ең дамыған елдері әлдеқашан мойындап, бүгінде Сингапурден үйренуде. Елдегі саяси тұрақтылық пен экономикалық реформаның табысты жүргізілуіне Халықтық іс-әрекет партиясының қосқан үлесі зор. Біз Батысқа қарап бас шұлғи бермей осындай азиялық, шығыстық дәстүрдегі партиялардан да үйренуіміз керек. Сол үшін «Нұр Отан» сингапурлық әріптестерімен жан-жақты қарым-қатынас орнатуды бастап кетті», – деді.

Батыс АҚШ-қа қарап бас шұлғиды, ал Трамп келгелі оның жағдайы не болғанын бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан кезінде Алаш арыстары үлгі еткен кешегі Жапония, бүгінгі Сингапур сияқты өрен жүйрік мемлекеттерден үйренгеніміз жөн. Өз былығына белшесінен батқан Ресей емес, Мағжан айтқан Күншығысқа қарай бет бұруымыз керек.