Жексенбіден дүйсенбіге қараған күні британдық және даниялық екі кеме Швецияның Истад қаласы мен Данияның Борнхольм аралының арасындағы суда соқтығысты. Апат салдарынан көлемі жағынан кішірек Karin Hoej даниялық кемесі аударылып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТТ агенттігіне сілтеме жасап.
Апат салдарынан екі адам жоғалды. Жағалау күзетінің хабарлауынша, бес сағаттан бері олар әлі табылмады. Жоғалғандарды іздестіруге алты кіші кеме, екі сауда кемесі және Швеция мен Дания тікұшақтары жұмылдырылған. Даниялық TV 2 телеарнасының хабарлауынша, жоғалған адамдар аударылып түскен кеменің ішінде қалған болуы да мүмкін.
Апат туралы хабар Швецияның Теңіз әкімшілігіне сағат 04:30-да Scot Carrier британдық кемесінен келіп түскен. Экипаж мүшелерінің айтуынша, олар судан шыққан адамдардың айқайын естіген. Кемеден резеңке қайық түсірілген, алайда борттан түскен адамдар табылмай жатыр.