16 нау, 2021 сағат 14:08

Швеция AstraZeneca вакцинасын қолдануды тоқтатты

Швецияның Денсаулық сақтау басқармасы AstraZeneca британ-швед компаниясының препаратымен вакциналауды тоқтатты. Себебі осы препарат егілгендерде тромб пайда болған. Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің (EMA) тексеруі аяқталғанға дейін вакцина қолданылмайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аталған ұйымға сілтеме жасап.

«AstraZeneca препаратымен вакциналау EMA тексеруіне дейін сақтық шарасы ретінде тоқтатылды» - деп көрсетілген денсаулық сақтау басқармасында. 

«Шешім бұл сақтық шарасы болып отыр. Вакцина көпшілікке белгілі, бірақ агенттік бұл оқиғалардың вакцинациямен байланысы бар-жоғын анықтағанға дейін вакцинаны тоқтата тұру керек», - делінген мемлекеттік эпидемиолог Андерс Тегнель хабарламасында. 

Швецияда екпе алғандардың арасында қан ұю жағдайлары туралы әзірге хабарланған жоқ.