Жылдан жылға елімізде заңмен айыппұл салатын тармақ, себептер көбейді. Соңғы жаңалықтың бірі үй, мекемелерде күндіз шуласа да айыппұл тағайындалуы. Көшеде боқтық сөз айтқан баланың ата-анасына да жаза қолданылатыны бекітілді.
Оқи отырыңыз: Баласы аулада боқтаса, ата-анаға айыппұл салынады – ІІМ
Айыппұл түрі көбейген сайын халық елді Штрафстан деп атап, “айыппұл арқылы күн көретін билік” , “ол ақша қайда кетіп жатыр?” деген пікірлер арқылы оның әділетті түрде ел игілігіне жұмсалатындығына күмән келтіруде . Жемқорлық деңгейі жоғары елде мұндай реніш орынды. Алайда бұл реніштің артында бұдан басқа да себептер бар. Ең негізгі себеп өзіміздің тәртіпке үйренбеуімізден қойылған шарттарға бағынғымыз келмеуі.
Мойындау керек елде тәрбие, мәдениет, әдеп мәселесі ақсап тұр. Халқы тәртіпті елді айыппұл арқылы бақылап отыру, тәрбиелеу қисынсыз болар еді. Сол себепті өзімізге де түзелу қажет-ақ.
Ең жиі, әрі ең үлкен мөлшерде айыппұл салатын мемлекет ‒ Сингапурдың үлгісін қарастырайық.
Айыппұл салу жүйесі премьер-министр Ли Куан Юдің: “Егер дамыған елге айналғымыз келсе, ең алдымен тәртіп пен тазалықтан бастаймыз”, ‒ деген үндеуімен қолға алынды.
Осы кезден сағыз шайнауға, жерге түкіруге, қоқыс тастауға, темекі шегуге, қабырғаға жазуға айыппұл салатындар заңдар күшіне енді. Ешқандай, ешкімге жеңілдік болмады.
Тазалық пен тәртіп мәдениеті тек айыппұлмен шектелген жоқ. Бастауыш сыныптан бастап үйретілетін мектеп оқу бағдарламасына кіргізді.
Алғашқы 5-10 жылдың өзінде айыппұл салу жүйесінен елдегі тазалық деңгей артты. Кейінгі 20-30 жылда қоғамдық тәртіп тұтас мәдениетке айналды. Халықтың қоғам алдындағы жауапкершілік сана-сезімі өсті.
Бүгінде Сингапур ең таза, тәртіпті мемлекет. “Өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін” деген түсініктің озық үлгісі. Шетелдік туристер бұл елге шекараға кірер кірместен қоғамдық тәртіпсіздік үшін үлкен айыппұл салынатынын біліп, етек жеңін сырттан жинап келеді.
ПАЙЫМ
Осы дайын жүйемен бізге де осындай нәтижеге жетуге болады. Халықты тәрбиелеу керек. Ол сөзсіз. Алайда бұл бір жақты мәселе емес. Айыппұл құрал ғана. Ол нақты нәтиже беру үшін халықпен тұрақты жұмыс, шенеунігіне, ересегіне, жасына бірдей қолданылатын әділ заң, әрқашан орындалуын қадағалайтын әділ сот жүйесі орнау керек. Билік те, атқарушы органдар да мақсат айыппұлмен жазалау емес, шарт қою арқылы халықты тәрбиелеу екенін басшылыққа алғанда ғана көп ұзамай нәтижеге жетеміз.
Динара Болат