02 мау, 2021 сағат 10:38

Шри-Ланка жағалауы жүк кемесіндегі апат салдарынан қауіпті қоқысқа толып қалды


Шри-Ланка тарихында ең үлкен экологиялық апатты бастан кешіріп жатыр. Елдегі танымал курорттардың жағажайлары MV X-Press Pearl жүк кемесіндегі өрт салдарынан микропластикке толып қалды, деп хабарлайды Еuronews.

Жүк кемесі 25 тонна азот қышқылын, натрий гидроксиді мен басқа да қауіпті химикаттарды, сондай-ақ пластик пакеттер жасауға арналған шикізат бар 28 контейнерді тасымалдап бара жатқан. Мұндай шикізат теңіз жануарларына қауіпті.

Жергілікті тұрғындарға қоқысты ұстамау керектігін ескертті, өйткені ол өте улы болуы мүмкін. Оқиға орнынан 50 миль радиуста балық аулауға тыйым салынды. Тазарту жұмысына қорғаныс құралдарын киген мыңдаған әскери қызметші жұмылдырылды.


Сингапурда тіркелген кеме Үндістанның Гуджаратынан Коломбоға бара жатқан. Ол 20 мамырда Шри-Ланка жағалауында өртеніп кетіп, қазір Коломбо астанасынан 9 миль қашықта зәкір тастап тоқтады. Жалынды толығымен сөндіру мүмкін болмады. Өрт сөндірушілердің жұмысын муссон желдері кедергі келтіруде. 

Кеме капитаны мен бас инженері – ресейліктер, ал капитанның көмекшісі – үндістандық. Үшеуінен де тергеушілер жауап алды. Қазіргі мәлімет бойынша, капитан азот қышқылының төгіле бастағаны туралы кеме Шри-Ланканың аумағындағы теңіз бөлігіне кірмей тұрып білген. Бұл өрттің шығуына азоттың төгілуі себеп болған деп болжанады.

Билік контейнер тасымалдаушы кеме иелері мен оның командасын сотқа беріп, шығынды өтеуді талап етпек.