06 жел, 2017 сағат 09:34

Шри-Ланка Үкіметінің басшысы Қазақстанда екі көлігін 1 млрд теңгеге сақтандырған

Қазақстандық сақтандыру компанияларының бірі Шри-Ланка премьер-министріне тиесілі Mercedes-Benz S 600 маркалы екі автокөлікті сақтандыру міндеттемесін мойнына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо порталына сілтеме жасап.

«Көліктердің құнынан бөлек оның ерекшелігі - автомашинаның иесі тап болуы мүмкін барлық қауіп-қатерлерден сақтау қажеттігінде. Осыған байланысты сақтандыру сомасы әрбір көлік үшін 570 млн.-ға жуық теңгені құрады», - делінген компанияның таратқан хабарламасында.

«Mercedes-Benz S 600» - мерседестердің алтыншы буыны. Ол көптеген электроникалармен өте ыңғайлы етіп жасалған. Көлікте кенеттен туындаған кедергі алдында шұғыл тоқтау жүйесі бар. Сондай-ақ үш есе үлкейтіп көрсететін навигация, жолды лазермен сканерлеп, оның бедеріне ыңғайланатын Magic Body Control жүйесі қамтылған. Орындықтар жолаушыға барынша жайлылықты қамтамасыз етеді. Оның массаж жасайтын функциясын айфон арқылы басқаруға болады. Ал белдікке жолаушы соқтығысу кезінде оның астынан сырғып түспес үшін қауіпсіздік жастықшасы орнатылған.

Атап өтілгендей, қазақстандық сақтандыру компаниясында бұған дейін Франкфурт автосалонында ұсынылған Ferrari 458 Italia, Бруней мемлекетінің ханзадасына тиесілі LaFerrari, үнді актрисасы және 2000 жылғы әлем аруының Rolls-Royce Wraith көлігі сақтандырылған.