Шри-Ланка шетелден жолаушылардың елге келуіне 10 күнге тыйым салды.
Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.
Елдің азаматтық авиация басқармасының хабарлауынша, мұндай шара күрделі эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін қолға алынып отыр. «Жабық аспан» режимі 21-31 мамыр аралығында жұмыс істейді.
Сингапур билігі Facebook пен Twitter-ден коронавирустың «сингапурлық нұсқасы» туралы хабарламаларды жалған ақпарат деп белгілеуді талап етті. Әлеуметтік желілердің бірі заңды міндеттемелерге сәйкес мұндай ескертуді шығаратындығын мәлімдеді. Мемлекеттің денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның «сингапурлық» мутациясының жоқ екенін атап өтті. Соңғы апталарда COVID-19-дың тек Үндістанда алғаш рет табылған нұсқасы анықталған.
Египет COVID-19 инфекциясының таралуына жол бермеуге бағытталған шектеу шараларын мамыр айының соңына дейін ұзартты. Дүкендер, сауда орталықтары мен мейрамханалар жергілікті уақыт бойынша тек сағат 21: 00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал қоғамдық саябақтар мен жағажайларға кіруге рұқсат берілген. Бірақ шектеу режимінің бірқатар талабын сақтау міндетті. Египет Араб Республикасы коронавирустық инфекцияның үшінші толқынымен күресуде.
Исландиялық Dadi og Gagnamagnid тобы мүшелерінің бірі коронавирус инфекциясын жұқтырғандықтан, команда Роттердамдағы «Евровидение» ән байқауында өнер көрсетпейтін болды. Топ өз әріптесінсіз ән айтпауды жөн санады. Ұжымның «10 жыл» әні конкурста қалады. Ол II жартылай финалда бейне форматта орындалады.
«Үнді» вирусының мутациясы Кипрге еніп кетті, деп хабарлайды мемлекеттің денсаулық сақтау министрлігі. КВИ 4 адамда расталған. Олар қазір қонақүйлерге карантинге жатқызылды. ДДҰ мәліметтері бойынша B. 1.617 нұсқасы 40-тан астам елде табылды. Кипр билігі COVID-19 таралуын вакцинация арқылы тоқтатпақ. Қазіргі уақытта елдегі ересек тұрғындардың 45% кем дегенде бір екпе жасаған.