Норвегияда сарымайға арналған пышақпен түрменің бетон қабырғасын ойып отырып, сол орыннан қашып кеткен қылмыскер экстрадицияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жергілікті «Дагбладет» басылымының жазуынша, Албания азаматы Норвегиядағы түрмеден алты жыл бұрын қашып кеткен. Ол Германияда ұсталып, осы аптада Норвегияға қайтарылды.
Қашқынның әлемдегі ең жайлы абақтылардың бірі саналатын түрмеден неліктен қашқаны әзірге белгісіз. Өйткені Норвегия Корольдігінің пенитенциарлық мекемелерінің «курорт» атанғаны да тегін емес.
Хедмарк провинциясының абақтысына жабылған қылмыскер 2013 жылы бетон қабырғаны сарымайға арналған пышақпен ойып отырып, тесік жасап қашып кеткен. Сонысына қарай, қашқынның «Шоушенктен құтылу» фильмін көріп алып, сюжеттегі жағдайды қайталаған болуы мүмкін деген жорамалдар айтылып жатыр.
Албаниялық қылмыскердің адвокаты оның алты жыл қашқында жүріп немен айналысқаны туралы сұраққа жауап беруден бас тартты. Қорғаушының айтуынша, есірткі ісі бойынша сотталған қылмыскер алдын ала тергеп-тексеру кезінде бостандыққа шығатынына үміт етіп отыр.