Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының 1-сынып оқушысы Байжігіт Байкүбеновке Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған сыйлық жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында 1-сыныпта оқитын Байжігіт Абай өлеңін оқу эстафетасын Түркия Президентіне жолдаған болатын.
«Ұлымыз екеумізді Нұр-Сұлтан қаласындағы Түркия Елшілігіне шақырды. Ердоған мырза сыйлық жіберіпті. Өзімен онлайн кездесу де болуы мүмкін екен», – деді баланың әкесі Дулат Байкүбенов.
Оның айтуынша, онлайн кездесу 17 наурызда өтеді. Ердоған мырза Абай өлеңін оқуы мүмкін. Ал қандай сыйлық жібергені әзірге беймәлім.
«Ұлым жолдаған эстафета туралы сол елдегі TRT AVAZ телеарнасы хабар таратқан еді. Ердоған мырза содан көрген болуы мүмкін. Ал челлендж негізі 2019 жылы 29 қарашада жолданған. Арада бір жарым жыл өтсе де, жауап алғанымызға қуаныштымыз», – деді Дулат Байкүбенов.
Тағы бір айта кетерлігі, Түркия Елшілігі жол шығынын өз тарапынан көтеріп алатынын хабарлаған.