Ұлы тауда Домбауыл бар есіңе ал,
Ұлы ұрпақтар бір көруге болған зар.
Кет-Бұқаны ұмытпашы баласын,
Израильдің ханы болған данасын.
Алдияр Әубакиров. ақын-жазушы
Найман тайпасынан шыққан Кетбұқаның Найман шежіресінде әртүрлі таратылып жүргені баршамызға аян. Сондықтан да, оны біреулер бағаналыдан десе, біреулері терістаңбалыдан, балталыдан деп жүреді. Кетбұқаны әйгілі Тоныкөктің ұрпағына жатқызып жүргендер де бар. Қытайдағы қандас тарихшымыз Нығмет Мыңжан, Найман хандығының канцеляриясын басқарған Тата Тоңғыны да Тоныкөктің ұрпағы деген екен. Алайда бұл жорамалдың мифологиялық та, таңбалық та дәлелі жоқ. Осымен қатар, Кетбұқаны Кетбұға деп жүргендер Найманның тарихын да, шежіресін де, генеалогиялық мифін де білмейтіндер, не болмаса, дұрыс түсінбегендер десе болады.
Бұғы, бұға қырғыздардың төтемі, наймандардың генеалогиялық мифінің бұғыға еш қатыстары жоқ. Бұқа деген атақ Найман хандығында тек қана хан әулетінің өкілдеріне берілетін болғаны ешбір дау тудырмайды. Мәселен, Найман хандарының Білге бұқа, Бай бұқа атаулары осыны дәлелдеп тұр. Қазақтың белді тарихшылары Мәмбет Қойгелді, Зардықан Қинаятұлы қазақтардың аталарының сақтардан бұрын турандықтар болғанын «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» атты монгорафиялық зерттеу кітәбінде айтып кеткен еді. Турандықтардың көшпелі арийлер болғандары белгілі. Туран дегеніміз тур, яғни, бұқа деген сөзден болған. Сонда, «туран» дегенді «бұқа елі» деп ұққанымыз орынды болады. Міне, «бұқа» атағы наймандарға осы көшпелі арийлердің Туран заманынан бері келе жатыр.
Ежелгі замандарда бұқа патшалық символ болған. Біздіңше, қазақтың төре дегені Тур атауынан қалған. Сондықтан да, біздер шежіредегі наймандардың төре-найман деген атақтарын тур-найман деген едік. Осымен қатар, ертеде бұқа символы құдайға да қатысты болған. Мәселен, ежелгі дәуірдегі Рим империясымен терезесі тең болған Юечжи-Кушан (хушьянг-қыпшақ) патшалығының алтын теңгесінен біздер құдайдың қасынан құйрығы кесілген бұқаны көреміз. Және де, құдайдың (патшаның) қолында ұстап тұрғаны бұқаның ноқтасы екені айқын білінеді. Алдыңғы жазған «Найман хандығы» мен «Шыңғыс хан және қыпшақтар» атты зерттеу мақалаларымызда («Ұлт» порталы) біздер ноқта таңбаның, және де «ноқта ағасы» деген атақтың ханға, патшаға қатысын осы алтын теңгелер мен мифологияға сүйеніп айтқан едік. Кай әулетінің патшаларының бәрінің жеке таңбалары осы ноқта таңба болған. (қараңыз: «Родовод кеянидов»). Тілеуберді Әбенай да өзінің жазғандарында: «Керейдің ноқта ағасы Оң хан еді» деп, бұл атақтың ханның атағы екенін растайды. Ал енді, шежіреде болса, Кетбұқаның Найманға таңба таратып «ноқта ағасы» аталғаны айтылады. Шыңғыс ханның тарихынан біздер таңбаларды тек қана хандардың таратқандарын білеміз. Мәселен, «Чингиснама дафтари» атты тарихи деректе Шыңғыс ханның бектер мен билерге тайпалық таңбаларын үлестіргенін аңғарамыз. Ал енді, «ноқта ағасы» деген атақ Найманда тек қана Кетбұқаның ұрпақтары деген терістаңбалы руында ғана бар. Және де біздер «шөміш» атап жүрген терістаңбалының таңбасы анығында «ноқта» болады. Осылай болғанда, патшалық «ноқта ағасы» деген атағы бар, «ноқта» таңбалы Кетбұқаның «бұқа» атағының болғанына еш күмән келтірмегеніміз дұрыс болар. Осымен қатар терістаңбалы руы Шәкәрім қажының шежіресінде Өкірештен, яғни, бұқадан тарап тұр. Өкіреш дегеніміз парсының «ukar» - ірі қара деген сөзінен болған. Кейбір зертттеушілер айтқандай өзбек тілінің «өкір» (бұқа) деген сөзінен емес. Осымен қатар біздер «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының ғалымдары келтіргендей, Наймандардың бастапқы атауы «сегіз-оғыз» емес, сегіз өгіз, яғни, сегіз бұқа екенін айтқан едік. Орыс зерттеушісі Потанин наймандардың бір бөлігінің өздерін сол заманға дейін бұқаның ұрпақтарына жатқызып жүргендерін айтқан еді. Найманның түбі оғыз да емес, түрік те емес, турандықтар, яғни, көшпелі арийлік сир-қыпшақтар. Тарихи деректердегі Сир, Сеир деген этнонимдер ірі қара дегенді білдіреді. Ірі қара дегеніміз өз кезегінде, маңдайында дұрыс үшбұрышты ақтаңлағы бар Мысырлық мифологиялық қасиетті қара бұқаның атына қатысты айтылған. Ал енді, Тоныкөктің бітіктасындағы жеке таңбасы болса, осы қасиетті қара бұқаның маңдайындағы үшбұрышты білдіреді. Бұрышы төмен қарап тұрған бұл үшбұрыштың мағынасы «Өкіреш» (кіші бұқа), яғни, қасиетті сиыр ананың баласы деген мағына береді. Мифология бұл бұқашықтың әкесінің Ай Тәңірі екенін айтады. Мәселен, арийлік «Вендидадта»: «Взойди, вознесись месяц, ты, который порождаешь быка!» деп айтылған. Осымен қатар, Тамғалыдағы қола дәуірінен қалған таңбалы тастардағы суреттен біздер Ай Тәңірінің сиыр анамен жыныстық қатынасқа түсіп жатқан бейнесін көреміз. Біздер мұсылманның символы деп жүрген жарты айымыз анығында бұқаның мүйізін білдіретін «қосай» таңбасы болады. Яғни, жарты айдың екі ұшы бұқаның екі мүйізін білдіреді (қосай). Ежелгі Египеттің барельефтерінен біздер осы жарты айды бұқаның басында шалқасынан жатқанын көреміз. Яғни, айшықтың екі ұшы бұқаның екі мүйізіне ұқсатылып бейнеленген. Осы қосайдың үстінде күн бейнеленген суреттерді біздер Сирияның Египеттің, Турцияның, Иеменнің барельефтерінен де көреміз. Жарты айдың үстіндегі күн символы әлемде кең тараған символ болады. Бұқаның мүйіздерінің арасындағы күнді білдіреді. Мифология тіпті Жер ананың да бұқаның мүйізінде тұрғанын айтады. Мәселен, Қазақстанның туында күн астындағы бүркіт те, жарты ай кейпінде бейнеленген. Бұл символ Қазақстанның қыпшақ елі екенін білдіріп тұр. Найман мен Қыпшақтың түбінің бір екенін, шежіредегі қыпшақтардың да мифологиялық атасының Мүйізді (бұқа) болғаны айтып тұр. Осымен қатар қазіргі қыпшақтардың ұраны Айбас, бұқаның басындағы екі айға ұқсаған мүйіздерін айтып тұр. Яғни, Айбас дегеніміз бұқа деген мағына беріп тұр. Осыдан біздер ежелгі сир-қыпшақ дегенді бұқа-қыпшақ деп ұғамыз. Енді, осы сир-қыпшақтарға Тоныкөк пен Кетбұқаның қатысы жөнінде айталық.
Көрнекті тарихшы ғалым С. Кляшторный мен Т. Сұлтановтың жазған «Қазақстан. Летопись трехтысячилетий» атты ғылыми еңбегінде 630-640-ші жылдарға қатысты: «В Северной Монголии появилось новое государство – Сирский каганат во главе с династией Ильтер» деп айтылады. Әрине, бұл мәліметтер қытай деректерінен алынған. Міне, осы қытай деректерінде бұл басқарушы Ильтер әулеті Илиту деп те аталған. Яғни, қытай тілінде «р» әрпі болмаған соң бұл ильтер атауы осылайша бұрмаланып айтылған. Өз кезегінде бұл бұрмаланған атау қазақ шежіресіне терістаңбалының атасы деген Елата ретінде енген. Ал енді, Ильтер дегені Елатаның нақты есімі Елтай деп айтылып кеткен болса керек. Шежіреде Найман атасы Белгібайдың шешесін алған Елтайдың кейін Елата атанғаны айтылады. Бұл илиту-ильтер деген атаудың басты мағынасы «елтеріс» болады. Яғни, «собери народ» - «мемлекет құр» деген мағынада. Бұл Елтеріс дегеніміз мемлекет, республика деген мағынаны дәл білдіріп тұр, өйткені, Цицеронның айтуынша: «государство (Respublika) – это объединение множества людей (ел тер. К.З.), тесно связанных друг с другом правовыми отношениями и общностью интересов». Сондықтан да, Елтеріс дегенді «ел төресі» деп жүргендерімізді «қазақбайшылықтан» болған десе болады. Сонымен, «ноқта ағасы» деген хан атағы бар, патшалық текті білдіретін ноқта таңбасы бар терістаңбалының атасы деген Елатаның есімі де шежіредегі жасырын мағына ретінде берілген патшалық әулеттің символы болады. Ғылыми тілмен айтқанда, Елата дегеніміз тарихи тұлға емес, дала ауыз тарихының дерек беруіндегі шежірелік тәсілге сай аталған, терістаңбалының қаған әулеті екенін білдіріп тұрған символдық тұлға. Шыңғыс ханның идеологтары осыны жақсы білген соң, өздері қадағалап айттырған қазақ шежірелерінде Елатаны Найман шалдың малын баққан құлына айналдырып жіберген. Алай да, Найман хандарының шежіресін есте сақтап қалған найманның ғұлама атанған шежірешісі Ғұлам Қадыр Жазыбайұлының аузынан әкеміз марқұмның жазып алғандарында Елата Найманның інісі Шалманның немересі ретінде айтылады. Найман шежіресімен айналысып жүргендер Шалман дегеннің «хан адам» дегенді білдіріп тұрғанын жақсы біледі. Мәселен, шежіредегі Найман шал дегеніміз «найман хан» деген мағынаны береді. Анығында, шежірелік Найман шалдың мүсәпірлік тарихы «Құпия шежіреден» ұрланған. Онда, найманның ханы Таянның бір бейшара шалдан туғаны айтылады. Әрине, бұл «Құпия шежіреде» де Шыңғыс ханның идеологтары найманды кемсіту үшін бұл бейшара шалды әдейі айттырған. Анығында, Таян ханның әкесі, Найманның ұлы ханы Білгі бұқа еді. Бұл Білгі (е) бұқа ханның иналшық деген де атағы болған. Иналшық деген тақ мұрагері деген атақ еді. Алай да, Шыңғыс хан әулетінің дәуірінде «инал» атауы ақсүйекті білдірсе де, осы атақты иеленгендердің хан болуға хақы жоқ екені айтылған. Әрине, ол замандарда хан атағын тек Шыңғыстың ұрпақтары ғана алатын болған. Демек, қалай болса да, Шыңғыс хан әулеті иналдардың ақсүйектер екендерін мойындаған. Анығында, иналшық атауы да, бұқа атауы да төре (тур) дегенді білдіретіні хақ.
Осымен қатар, біз әңгіме қылып отырған қыпшақтардың Сир қағанатының қағаны қытай деректерінде Иенчу Бильге-каган деп аталады (С.Кляшторный). Бұл жердегі «иенчу» дегені де, сақау қытайлардың тілінде бұрмаланып айтылып-жазылып кеткен «иналшық» атағы болады. Осыдан біздер, Найманның ұлы ханы Білге бұқаның, кезіндегі Сир қағанатының қағаны Иналшық Білге қағанның атын алғанын аңғарамыз. Бұл жәй да, Найманның түбінің надандар айтқан қарақытай емес, ежелгі сир-қыпшақ екенін білдіріп тұр. Терістаңбалының атасы деген Елата болса, жоғарыда айтқанымыздай, шежіре деректерінде Найман шалдың немере інісі, яғни, орысша айтқанда «двоюродный брат» ретінде көрсетілген. Оның мәнісі мынада. Кезінде Мұхтар Әуезов өзінің әдеби зерттеулерінде Шыңғыс ханның руы деген Қиятты қият-қыпшақ деген еді. Қияттың қыпшақ екені алдыңғы жазылған «Шыңғыс хан және қыпшақтар» атты мақаламызда дәлелімен айтылып кеткен соң, біз оған тоқталып жатпаймыз. Біздің бұл жерде айтайын дегеніміз мынау. Әлкей Марғұлан атамыз «Құпия шеждіредегі» қият Дубун-Баянды Домбауыл мерген деген екен. Біздіңше, ол кісі осылай деп Мұхтар Әуезовтың ықпалымен айтқан болса керек. Өйткені, Құнанбай үйінің күйеу баласы болған Мұхтар аға тобықтының түбінің қият екенін жақсы білген. «Қиа атайын ба?» деп қиа атып, жебесімен өзенде ағып бара жатқан сандықты жарып, оның ішінен шыққан Аққу қызға Домбауыл мергеннің үйленгенін, осылардан туған баланың атын Қият (киа ат) қойғанын қазақта біз білетіндерден ең алғаш Құнанбай қажы айтқан еді. (Алдияр Әубәкіров). Бұл аңыздағы Аққу қыз хандық әулеттің символы болса (С.Қондыбай), екіншіден қыпшақтың символы болады. Қыпшақтың европалық атауының «куман», яғни, аққу адам екені белгілі. Осымен қатар шежіреде терістаңбалы руының бастапқы атауының Домбауыл болғаны да айтылады. Әрине, бұл айтылғандардың бәрі де, бекер емес. Бұл жерде, терістаңбалының да, жалпы Найманның да түбінің қият-қыпшақ екеніне меңзес бар. Әрі қарай шежіреде Терістаңбалы-Домбауылдан Кетбұқа мен Келбұқа деп айтылады. Келбұқадан Шырсейіт (шүршеиіт). Бұл шұршейіттер мен терістаңбалылардың осы күнге дейін егіз қозылардай бірге жүргендері, шежіренің бұл екеуінің ағайындылығын айтқанын растап тұр. Ал енді, «Құпия шежіреде» Қият-қыпшақ Дубун-Баян мергеннің өз кіндігінен үлкені Белгімтай, кішісі Бөгентай деген екі ұлы болған. Мерген өлген соң, маңғолтанушы доктор Зардықан Кинаятұлының айтуынша, оның жесірі Алан ана «Құпия шежіредегі» баяут-мағалық деген рудың жігітінен Бұғы-Қатаға, Бұқат-Салжы, Боданжар-маңқа деген үш ұлды некесіз табады. Яғни, «мағалық» деген сөз «мағал руынан» дегенді бідіреді. Орыстар бұрмалап айтқан «монгол» этнонимі осы баяут-мағал деген ру атауынан болған. (мағал-мұғал-моғол-моңғол). Осы үш ұлдың кенжесі Боданжар-маңқа Шыңғыс ханның тоғызыншы бабасы болады. Ал енді, Домбауыл мергеннің өз ұлдары Белгімтай мен Бөгентайдан қытай деректерінде айтылған Белгунут пен Богенут обақтары тараған. Бұл жердегі «ут» жалғаулары – от, ошақ, әулет дегенді білдіреді. Міне, Найман шежіресінде Белгібайдан тарап тұрған Найманның бір бөлігі осы Белгунуттар болса, терістаңбалы обағы «Найман шалдың немере інісі» деген Белгімтайдың інісі Бөгентайдың ұрпақтары болса керек. Сондықтан да, шежіре мифологиялық Найман шал мен Елатаны бір атаның екі ұлынан таратқан. Қият деген этнонимнің бастапқы нұсқасы кай+ут, яғни, патшалық Кай әулетінің атауы болғанда, терістаңбалының патшалық атағының, патшалық таңбасының болғанының себебі осыдан. Кай әулеті жөнінде толығырақ ғаламтордағы «Кай әулеті және Шыңғыс хан» атты мақаламыздан біле жатарсыздар. Наймандар өздеріне хандық дәрежені білдіретін бұқаның «мүйіз» таңбасын алған. Біздер бұл таңбаны «виват», яғни, жеңіс таңба беп атаған едік.
Сир-қыпшақтардан сескенген қытай патшалары ұйғырлармен бірігіп Сир қағанатын 646-ші жылы құлатады. Осыдан әрі қарай С.Кляшторный: «Дальнейшая история сиров – это история «племенного союза тюрков и сиров» деп, түрік пен қыпшақтың екеуінің екі бөлек массивтер екендерін айтады. Енді, тарих сахнасына дұрыс үшбұрышты таңбалы, бұқа-тархан иналшық деген атағы болған Тоныкөк шығады. Тағбаштардың Сир-қыпшақтарға енді тыным бермейтінін сезген Тоныкөк қолынан келіп тұрса да, қаған атағынан бас тартып ашина-түрік (шала-қытай) Құтлұғты қуыршақ қаған ретінде көтереді. Оған өздерінің, яғни, Сир-қыпшақтардың хан әулетінің Елтеріс атағын береді. Қазақстандық көрнекті ғалым, түркітанушы, синолог Ю.Зуев Тоныкөктің бітіктастарындағы жазуларды былайша түсіндіреді: «Не заставить ли (его стать ) каганом?» - говорил я. Я думал: «ведь говорят, что издали и видят жирных быков и тощих быков, то не знают, какой (именно) жирный бык, и (какой из них) тощий бык. Так Небо даровало мне знамение, я заставил его стать каганом».
Яғни, бұл жерде Тоныкөктің Көк Тәңірінен аян алып Құтлұғты қуыршақ қаған ретінде таққа отырғызғаны жөнінде айтылып тұр. Семіз бұқа мен арық бұқа жөніндегі әңгіме, Тоныкөктің шын мәнінде бұл қағанатты кімнің басқарып (өзінің) отырғанын сырт көзге білдіргісі келмегені жасырын мағына ретінде айтылып тұр. Осымен қатар біздер Тоныкөктің бітіктасынан ашина-түрік Құтлұғтың өз елімен бірге азып-тозып келіп Тоныкөкке «бірігелік» дегені айтылады. Міне, осыдан да, көрнекті ғалымдар айтқандай түріктің бөлек, қыпшақтың бөлек массивтер екендерін аңғаруға болады. Екінші түрік қағанаты түрік-сир, яғни, түрік-қыпшақ тайпалар одағы болған еді. Түрік дегенің бастапқы атауы «туркут», «тюргют», яғни, «турдың гөті» - анадан сир-қыпшақ деген ұғымды білдірсе керек. Бұл маңғол тектес халық ежелгі замандарда Тарым өзенінің алқабына келіп (3-4 ғ.ғ.), турандықтармен сүйек-шатысқа түсіп, кейін Алтайға келіп туркут атанғандар еді. Біздіңше, ежелгі қыпшақ тіліндегі «гуту», кут», «гөд» деген сөздерден «қатын» (көтен) атауы пайда болған. Мәселен, ашина-түрік Білге қаған өзінің бітіктасында бұқатекті анасын «анам қатын» деп жазады. Сонда туркут дегеніміз «тур қатыннан» дегенді білдірмек. Кейін, жеке билік құру үшін дуалистік (қосақ) мемлекеттік басқаруды жойған арамза Күлтегін Тоныкөктің еңбегін жоққа шығарып, оның Ашидэ әулетін қойша қырып тастаған соң, бұл анасы қыпшақтарға қатысты қазақта: «Жиен ел болмас!» деген ұғым қалыптасқандай. Және де, қазақтар жиенді атасы қытай ғұн-түріктердің төтемі болған «жеті қасқырға» теңеген. Яғни, «Жиен келді дегенше, жеті қасқыр келді десеңші» деген сөз қалған. Казақтың да, қаңлы-қыпшақтың да түбі түрік емес, туран, яғни, бұқа елі болады. Осы жөнінде толығырақ ғаламтордағы «Шыңғыс ханды түрік қылған Рашид-ад-дин», «Бұқа-тархан иналшы Тоныкөк» атты мақалалармыздан біле жатарсыздар. Бұқа төтемінің ықпалы мен бұқаға сенімнің ежелде өте күшті болғандығынан Аллаһ тағала қасиетті Құран кәрімнің шоқтығы болған «Баққара» (ірі қара) сүресін түсірген еді. Баққара дегеніміз зороастралық Воху манның баққан қара бұқасын айтқаны болса керек. Осы Воху ман баққан қасиетті қара бұқаның маңдайында біздіңше «тұмар» таңбасы болған. Яғни, қазақтың тұмарының пішіні де Өкірештің белгісі болады. Және де, бұл үшбұрышты таңба «ошақ», мұңалошақ», «ием еней» (Умай ана) деп те аталады. Адайдағы жеменей руының лақаб атының Бұзау болғаны да, Өкірешті айтып тұр. Бұл таңбаның «ием еней» аталуының себебі, Умай (ием) ананың басындағы дұрыс үшбұрышты тәжіне қатысты болған. Сондықтан да, ашина-түрік Білге қаған анасын «Умай текті анам» (бұқатекті қыпшақ) деп те айтқан. Тең қабырғалы үшбұрышты Ю.Зуев «символ женского начала» деп бекер айтқан жоқ. Ежелгі шумер, хуррит-хорейлердің барельефтеріндегі жалаңаш әйелдің бейнесінде бұл үшбұрыш таңба жатырдың орнына көрсетілген екен. Анадан қыпшақ И.А.Бунин де әйелдің жатырын «черный треугольник деп суретттейді. Міне, осы Умай ананың басындағы таңба үшін рухани тозған қазақта жатырдың Умайға ұйқас балағат атауы пайда болған. Умайдың бастапқы атауы арийлік Ием еді. Осы Ием топан судан сақтану үшін дұрыс үшбұрышты үй салып, сонда тығылып адамзатты аман алып қалған екен-мыс. Қазіргі үшбұрыш тұмарды біздердің сақтам ретінде қолданатынымыз осыдан қалған. («Шыңғыс хан және қыпшақтар». Қ.З.)
Түрік қағанаттары құрдымға кеткеннен кейін енді тарих сахнасына «сегіз бұқа» одағын құрған Найман хандары шығады. Кешегі түріктер болса, Шыңғыс хан қырып тастаған татарларға айналған еді. Қытайлар осылардың атымен енді күллі көшпенділерді, яғни, қият-қыпшақтарды да атаған. Татар деген сөз түріктің «тата» дегенінен болса керек (қытайша да-да). Ю.Зуев түрік пен татаның бір ұғым екенін айтады. «Татсыз түрік бомайды» деген сөз бекер айтылмағандай. Және де, Рашиден өзінің «Жылнамалар жинағында» бұл Шыңғыс ханнан қырылған татарлардың кезінде көп халықтарды бағындырғандарын айтады. Әрине, бұл жерде бір-бірімен қырқысып күлі көкке ұшқан Түрік қағанаттары айтылып тұр. Бұлардың бөрі төтемінің қаңлы-қыпшақтардың ұрпақтары қазақтарға еш қатысы жоқ. Қаңлы-қыпшақтың киелері болса бұқа, Ай мен Күн, Ақжол (құс жолы), бәйтерек, самұрық құс болады. Бұл киелер қазақтың түпкі генеалогиялық мифіне жатады. Хандық құрған найман хандары қият-қыпшақтың осы бұқа төтемін ұстанып келген. Ал енді, Найман хандығын құрғандардың Тоныкөкке де, Кетбұқаға да қатысы бары хақ. Енді Кетбұқаның тарихына келелік.
Негізінде, шежіре деректерінде Кетбұқа баба Балталы, Бағаналы, Терістаңбалы руларының аталары ретінде көрсетіледі. Осының себебі, Кетбұқаның сардар ретінде осы тайпаларды басқарғанында жатыр. Мәселен, Төлегетайға өзі басқарған Қаракерей, Төртуыл, Садыр, Матай тайпалары шежіреде оның балалары, немерелері ретінде жазылып кеткен. Қаракерей тайпасының тарихы «хархарей» ретінде сонау хуррит-хорей (5 мың жыл бұрын) заманынан келе жатыр. Садыр дегеніміз қытай деректеріндегі сегіз бұқаның бір тайпасы Ядыр болмақ. Төртуыл дегеніміз Домбауыл мергеннің ағасы Тоба соқырдың төрт ұлынан тараған, түбі қият-қыпшақ. Матай дегеніміз Қайрат Закирянов айтқан ғұн тәңірқұты Мөде емес, адамзат шежіресіндегі Мөдей, араб деректеріндегі Маада болса керек. Таңбасы надандар айтқан «бөрі» емес, арийлердің қасиетті жануарына саналған тазы иті болады. Бұл таңбадағы тазы иттің пішіні суретінен де білініп тұр. Ал енді, Мөдей дегеніміз шежіреде арийлердің атасы саналады. Осы сияқты Бағаналы тайпасы да Кетбұқаның өз ұрпақтары емес. Және де шежіреде: «Кетбұқадан ұрық жоқ» деп жазылған екен. (З.Б.Дәукеев). Бұл жерде Кетбұқаның ұрқының қазақ арасында жоқ екені айтылып тұруы мүмкін. Ұрпақтарының Иранда қалғандары жөнінде де сөз бар. Бағаналы дегеніміз кезінде Шыңғыс ханға қарсы шыққан салжойыт-салжиут тайпасы болады. Шыңғыс ханның бабасы Боданжардың туған ағасы Бұқат-Салжының тегінен. Сондықтан да, бағаналының бір таңбасы Шыңғыс ханның үш аша таңбасымен бірдей. Бұлардың бір бөлігі башқұрттардың да арасында кеткен. Қазіргі башқұрттарда бағаналының Y,Z,Ш-сияқты үш таңбасы да бар. Кезінде Жамұқаның бастауымен Шыңғыс ханға қарсы наймандармен бірге одақ құрған осы салжиуттардың ішінде бағаналының аты аталады. Бағаналы тайпасының бұқа төтеміне еш қатысы жоқ. Сондықтан да, 15-ші ғасырдағы тарихи дерек «Тарихи Абулхаир ханида» наймандар «Өкіреш найман», және «найман» деп екі бөлек көрсетілген. Бағаналының қазіргі таңда да Өкірештерден бөлек қоныстанып отырғандары белгілі. Ежелгі сегіз бұқалардың Өкіреш найман (нақ) екендерін айтпаса да түсінікті. Сайып келгенде, Шыңғыс ханның түбі мен Бағаналы тайпасының арғы түбі бір – ежелгі баяут. Бұл баяуттар «баят» атауымен қазіргі халха-маңғолдарға сіңіп қалған қазіргі Байұлының бір бөлігі болады. Мәселен, зерттеушілер Асқақ Темірдің руы барласты бағаналымен туыстырады. («Ұлттық энциклопедия»). Өйткені, барластың да түбі баяут-мағалық болады. (Боданжардан тараған). Айта кету керек, қытай деректерінде «жабайы татарлар» атанған қазіргі халха-маңғолдарға бауяттың да, бағаналының да, Шыңғыс ханның да еш қатыстары жоқ. Маңғол этнонимінің бастапқы нұсқасы мұңал-мұғұл-мұғал «Оғызнамада» Рашид-ад-дин айтқандай «қайғылы бол», «мұңды ал» деген мағына береді. Әбілғазы да «Түрік шежіресінде» «мұғұл» атауының бастапқы нұсқасының «мұңол» болғанын, және де «мұң» дегеннің қайғы екенін айтқан. Яғни, бұл атау халха-маңғол тілінен емес, қыпшақ тілінен қалған. Сондықтан да, кейінгі зерттеушілердің осындай ғұламалардың айтқандарын жоққа шығармақшы болып, бұл атаудың «мыңқол», «мыңқұл», «мәңгі ел» деген мағына беретінін ойдан шығарып айтқандары ешбір қисыны жоқ бос әңгімелер.
Ал енді, Бағаналының «бақан» таңбасының нақты атауы «шек» болады. Кіші жүздегі Шекті руының атауы осы шек таңбаға қатысты аталған. Шек атауының орысшасы «рогатина». Арыстанның шабуылына шек қоятын құралдың атынан осылай аталған. Бұл «шек» таңбаның Шыңғыс ханның үш аша таңбасына қатысы бар. Шыңғыс ханның үш аша таңбасы ежелгі хуррит-хорейлердің Найзағай құдайының таңбасы болады. Сондықтан да, Шыңғыс ханның маңғолдары найзағайдан қорқатын болған. Яғни, олардың гендік жадында сонау шумер-хуррит замандарынан бері Найзағай құдай сақталып қалған болса керек. Ал енді, шек таңба да осы хуррит-хорейлердің заманындағы барельефтерде көрсетілген. Қолға үйретілген арсытандармен қыдырған патшалар сақтық үшін осы шек құралын алып жүрген. Арыстан аулауға да осы құралмен баратын болған. Мәселен, дулаттардағы Шымырдың да таңбасы осы шек таңба. Шымыр руының ежелгі Шумерлерге қатысын біздер шумер патшасы Гильгамештің қолға үйретілген арыстанды ұстағанынан аңғарамыз. Демек, Гильгамеш те бұл шек құралын білген. Ғалымдар таңбалардың тек қана малды таңбалайтын шаруашылық құрал емес, сол рудың шыққан тегін, төтемін білдіретін, бөтен елдер мағынасын түсіне алмайтын сакральді ұғым екенін айтады. Қазақ тайпаларының таңбаларының Түрік қағанаттары кезінде пайда болды дегендері жалған әңгіме. Тигр мен Ефрат аралығына Орта Азиядан жетіп Митан патшалығын құрған хуррит-хорейлердің (кереит-керей) сақталып қалған барельефтерінен біздер керейдің айқыш таңбасын да, киіз үйдің шаңырағының суретін де көреміз. Ноқта таңбаның надандықтан шөміш деп аталып кеткеніндей, бұл сонау хуррит заманынан бастау алатын шек таңбаның бақан атауы да надандықтан болған еді.
Найман хандығы күйреп, Күшлік хан өлтірілгенде Кетбұқа баба аман қалған наймандардың басын құрап Шыңғыс ханға бағындырған. Жошының қасында Кетбұқа, тарихи деректерде «охранная гвардия» аталған ханның ұлының қарауыл-жасағын да басқарады. Сондықтан да, шежіре деректерінде Шыңғыс ханға Жошы ханның өлімін естіртуге бір қарауыл-жасақтың келіп тұрғанын сарай басшысының жеткізгені айтылады. Бұл төрт мың қарауыл-жасақты Жошының шешесі Бөрте ханым өзінің қоңыраттағы Көктің ұлдарынан жасақтап берген деседі. Жошы қайтыс болғаннан кейін бұл қоңыраттар Қарауыл-Жасақ руы ретінде Найманның құрамында қалған. Сондықтан да, Бошай Кітапбаевтің шежіре деректерінде Қарауыл-Жасақ тоғыз таңбалы найманда оныншы ру ретінде жеке дара таратылған. Және де, олардың таратылуларында қоңыраттың Ақболат, Тоқболаттары бар. Терістаңбалы Жарылғап батырдың ұрпағы Алдияр Әубәкіров Домбауыл дегеннің қарауыл-жасақтың басшысы екенін айтқан еді. Бұл сөздің де жаны бар. Түркітанушы ғалым Иманғазы Нұрахметұлы домбауыл дегеннің көне түркі тіліндегі мағынасының «артқы ауыл» екенін айтады. Алай да, бұл сөздің ешбір қисыны жоқ. Меніңше, Домбауылдың нақты атауы кейбір зерттеушілер айтқандай Домбағұл болғандай. Яғни, артқы, «кейінгі ұл» деген мағынада. Сонда, терістаңбалының Шәкәрім қажы айтқан Домбауыл деген атағының кейінгі ұл Бөгентайды айтып тұрғаны түсінікті болады. Бабамыздың бұқа атағы, ноқта ағасы деген атағы, ноқта таңбасы, оның терістаңбалыдан шыққанын айтып тұр. Және де, Кетбұқаның ұрпақтары деген балталының да түбі терістаңбалы. Шежіреде: «Найманда үш ағайынды – Балталы, Ақтана, Ақтоғыс, үлкені Балталы» деп айтылады. Балталы Сыр бойында қалса, Ақтана мен Ақтоғыс қазіргі Шығыстағы терістаңбалының басты аталары болады. Балталының терістаңбалы сияқты жаужүрек тайпа екенін Ақтайлақ бидің шежіресіндегі: «Елу үй Бағаналыны, Бес үй Балталы қорқытады» деген сөздер айтып тұр. Меніңше, терістаңбалы деген атаудың басты нұсқасы Елтерістаңбалы болған. Яғни, билеуші қаған әулетінің таңбасы деген мағынада. Мәселен, Жетірудағы табындарда да бұл ноқта таңба - терістаңба деп аталады. Шежіре деректерінде: «Жылқының теріс жағынан таңба басқан» деген сияқты айтқандары, кейінгілердің надандықтарынан болған дейміз. Таңбаларға қатысты ойдан шығарылған өтірікті айта салу үлгісін біздер: «Доспамбеттің екі көзі бір-біріне атылып туған соң (қыли) Шапырашты аталған» деген Қазыбек бек Таусарұлының еңбегінен көреміз. Анығында, шапыраштының тұмар таңбасын парсы тіліндегі «чапраз» атты түймеге ұқсатқан соң аталарымыз «чапразлы» атаған. Бұл таңба да рудың бұқалық (төрелік) тегін айтып тұр.
Шежіре деректеріндегі: «Күллі Найманға таңба таратты» деген сөздерден біздер Кетбұқаның Күшлік хан өлгеннен кейін Найманың ханы дәрежесінде болғанын түсінеміз. Сондықтан да, үйсінде жылқы жиған Бәйдібекті ескерткішінде хан атағанымызда, нағыз төретекті Кетбұқаны ескерткішінде неге «Кетбұқа қаған» атамасқа? «Он жыл Израильдің ханы болған» деген де сөз бар. Және де, Кетбұқаның қағандық тегінің тарихи негізі бар. Кетбұқа Орта Азия, Иран, Сирия, Палестина, Израиль, Мысырда жүргенде атағынан ат үркіген ұлы тарихи тұлға болған. Сондықтан да, оны Шыңғыс ханның бас қолбасшылары - ұранқайылық, яғни, қайы-қыпшақ Сүбедей баһадүрдің, жалайырлық генералисимус Мұқалының қатарына қоя аламыз. Қолбасшы болса да, ұрысты төбеден ғана бақылап тұра алмай, найман болған соң қызбалықпен ұрысқа өзі кірісіп кетіп қапыда қаза болды. Араб тарихшысы Құтбуддин Әл-Юнини Кетбұқаны жоқтаған ұлының: «Кетбұқа татарлардың бақыты еді, оның өлімімен олардың бағы тайды» деген сөздерін келтіреді. Иә, шежіре деректерінде айтылғандай, ханға лайық қызмет жасап, Шыңғыс ханмен жиырма жылдық теке-тіресте күйреген жаужүрек елді қайта жиып-теріп, күллі Найманға таңба таратып ноқта ағасы атанған Кетбұқа бабамыздың, күллі Найманға ноқта ағасы болған терістаңбалыдан шыққаны жөніндегі әңгімемізді Ақтайлақ бидің: «Терістаңбалы – ноқта ағасы, Жолына ешкімнің жоқ таласы» деген сөзімен аяқтаймыз.
Қайрат Зарыпхан,
Шежіретанушы