Шетелдегі қазақтардың статусын анықтау туралы заң жобасы пысықталуда. Бұл туралы «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шет елдердегі қазақтарды қорғау туралы заң қабылдау жоспарланып отыр ма?», - деген сұрақ қойылды спикерге Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
«Шет елдердегі қазақтар басқа елдің азаматы болғандықтан, олардың мүдделерін қорғау дұрыс емес шығар. Олармен мәдени-гуманитарлық, білім байланысын орнату – басқа мәселе. Дегенмен, қазір шетелдегі қазақтардың статусын анықтау туралы заң жобасы пысықталуда. Оған өз ұсыныстарымызды тиісті мемлекеттік мекемелерге берген едік», - деп жауап берді М. Сарбасов.
Оның айтуынша, «Отандастар» қоры жанынан құрылған коғамдық комиссияда бұл мәселенің барлығы талқыланған.
«Сол комиссия негізінде 400-ге жуық ұсынысымыз тиісті министрліктерге берілді. Қазір ол енді адам тағдырына байланысты болғандықтан, мемлекеттік жұмысқа байланысты болғандықтан, заң қабылдау мәселесі өте күрделі ғой. Ол Парламентте қаралуы керек, отырыстар, тыңдаулар өтуі керек. Бұл жұмыстың бәрі атқарылып жатыр. Оны әзірше айта алмаймын», - деді Мағауия Сарбасов.
