Бурабайда 12-17 жастағы шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерь ашылды. «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мұрындық болған шараның ашылу салтанаты бүгін өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отандастар қорының» баспасөз қызметінен хабарлағандай, лагерь Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучье көлінің оңтүстік шығыс жағалауында орналасқан «IQanat High School of Burabay» мектебінің базасында ұйымдастырылған.
«Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының тұжырымдамасына сай талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым құндылықтарына негізделген бұл лагерьге Франция, Түркия, Иран, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейден 84 қазақ баласы келіп қатысуда. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық болмысы, салт-дәстүр, өнері мен заманауи білім, ғылым тенденцияларын оның ішінде STEM, робототехника, кәсіпкерлік, жобаларды басқару дағдылары ұштастырған», - делінген баспасөз баянында.
Ашылу салтанатында «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы қатысушыларды Балалар жылымен құттықтап, Атажұртқа келіп алаңсыз бой сергітіп, ой жинақтап, тамаша демалыс өткізуіне тілектес екенін жеткізген.
«Әр елден келіп, түрлі тілдерде сөйлеп өскен жасөспірімдер жинала қалса, бірін бірі тек қазақ тілінде сөйлегенде ғана түсіне алады. Осылайша тәжірибе жинап қазақ тіліне деген құштарлықтары оянуда» дейді қоғам президенті.
Шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерьлер 2019 жылы бастау алған еді.
Сол жылы 5 түрлі бағытта жазғы демалыс ұйымдастырылып, 600-ге жуық шетелдегі қазақ баласы Қазақстанға келген болатын.
Екі жыл пандемия кесірінен ұйымдастырылмаған бұл шара биылдан бастап қайта жүзеге аса бастады.