12 нау, 2021 сағат 14:55

Шет елдерде 88 қазақтілді БАҚ жұмыс жасап жатыр

«Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов шетелдегі қазақтілді БАҚ-ты қолдау мәселелерін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылғы қаңтардан желтоқсан айына дейін «Шетелдік және Қазақстан Республикасына көшіп келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету қызметтері» аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік тапсырмасы орындалды. Зерттеу аясында жалпы 11 мемлекеттегі 88 қазақтілді БАҚ пен қандастарымыз қолданатын әлеуметтік желідегі топтардың дерекқор базасы жасалды. Соның ішінде 14 газет, 14 журнал, 5 телеарна, 11 сайт, 5 радио, әлеуметтік желіде 39 топтық парақшалар бар. Биыл осы шетелдегі қазақтілді БАҚ бірлестігін құруды жоспарлап отырмыз», - деді М. Сарбасов Отандастар қоры жанындағы қоғамдық комиссия отырысында.

Осы ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға мониторинг жасап, саралау нәтижесінде бірқатар өзекті мәселелер анықталған. 

«Көршілес алыс-жақын шет мемлекеттерде қаржы тапшылығы салдарынан дәстүрлі қазақтілді ақпарат құралдарының (газет-журнал, телеарна, радио) саны азайған. Атап айтсақ, Моңғолияда соңғы 4-5 жылдан бері «Білім» газеті, ТВ-4 телеарнасы, Baiolke.com сайты, Ресейде – Омбы облысынан шығатын «Ата-Мекен», Астраханда «Ақ арна» газеттері жабылды. Қаржы тапшылығын Өзбекстандағы қазақтілді ақпарат құралдары да сезініп отыр. Ондағы қандастарымыздың айтуынша, аудандық және облыстық газет-журналдар мемлекеттік мекеме болып саналады. Бірақ, мемлекет есебінен бөлінген қаржының жеткіліксіздігінен газет-журналдар жеке азаматтардың қолдауымен шығарылуда.

Осындай түйіткілді мәселелерді ескере отырып, ҚР Сыртқы істер министрлігі іске асыратын елімізді шетелдерге танытатын имидждік ақпараттық жобалар бағдарламалары арқылы жыл сайын іріктеп, 10 шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тың әрқайсысына 1 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетуді қолға алу қажет деп есептейміз. Осы уақытқа дейін оларды қандастарымыз жеке өз қаржыларына шығарып келді. Сырттағы бауырларымыздың бұл отансүйгіштік, елжандылық әрекетіне отыз жылдан кейін қолдау көрсететін кез келген сияқты», - дейді М. Сарбасов.