«Алаш» тақырыбына келгенде біздің билік аузын буған өгіздей үнсіз қалатыны несі осы? Олардың тарихымызды қайта түлетуге құлықсыздық танытуы – бодандық бұғауынан босамаған саналарының қорқыныш қамытынан әлі ажырмағанынан хабар беретіндей. Иә, рас, олар бәрін өзінен бастағысы келеді... Тек олар өз тарихын өгейсіткен ұлттың ұрпақ алдындағы күнәсі ауырлай түсетінін ойласа ғой бір сәт...
Биыл – Әлиханның 150 жылдығы. ЮНЕСКО көлемінде тойлаймыз деп бөркімізді аспанға атқанымыз кеше. Бірақ Алашорда көсемінің тойын алаш жұрты армансыз тойлай алды ма? Әлиханға деген құрметіміз аз ғана жиын-тойдың айналасында қалып кетпеді ме? Әр жерде там-тұмдап өткізілген конференция-кештермен кімді алдағандай боламыз? Кешегі алақандай Ақтоғайдағы той қай қазақтың көңіліне жұбаныш бола алады? Әлиханға құрмет – қазаққа құрмет, елдің тарихына, өткеніне құрмет.
Ұлт көшбасшысын ұлықтауда неден тартыншақтаймыз? Әлихан – қазақтың бейнесі, ұлттың ұраны болған тұлға емес пе еді?!
Белсенділеріміз әлгіде бір Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бірін Әлиханның атымен атауды сұраған-тын. Тіпті, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнің атауын алмастырсақ деп те нақты өтініш тастады. Айтылған сөз ел ішін біраз аралады да, ауада қалқып қала берді...
Алматыдағы «барахолканың» іргесіндегі аядай көшені емес, орталықтағы Фурманов көшесін Әлихан атымен атайық деген де ой айтылды. Ол да билік тарапынан қолдау таппады.
Тағы бір топ белсенділер Алматыдағы Фурмановтың атымен аталатын шыңды «Әлихан Бөкейхан шыңы» деп атау туралы ұсыныс жасады. Жылы қабақ танытқан біреу болды ма?!
Алматы әкімі Бауыржан Байбектің атына жолданған зиялылар хаты да аяқасты қалды. Ол хатта Алматы қаласының метросына Әлихан есімін беру, Ұлттық Аграрлық университетке Ә.Бөкейханов есімін беру, қаладағы Тимирязев даңғылының атауын Әлихан есімімен қайта атау, қаланың көрнекті жеріне «Алаш» аллеясын ашып, Ә.Н. Бөкейханның монументтік-ескерткішін орнату сынды бірнеше ұсыныс тасталған болатын. Әкім жауабы мардымды болмады. Сылтау көп. Келер шақтың еншісіне тапсырудан әрі аса алмайды.
Әншейінде әрнеге ақша шашқыш биліктің Әлиханды дәріптеуге келгенде сараңданып қалғанын қалай түсінеміз? Елдің асыл азаматы Елорданың хақ төрінде ескерткіш боп еңсе көтеріп тұрса да артық етпейтін еді ғой!
Анау Қарағандыдағы орталық көшелердің біріне Ұлт көсемінің есімін беру және оның ескерткішін орнату жөніндегі бастама осыдан оншақты жыл бұрын көтерілген. Құдай оңдап, бұл мәселе кешегі өткен мерейтой кезінде қолдау тапқандай болыпты. Оған да шүкір. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Бөкейхан баласына қызмет қылар уақытымыз баяғыда келді. Ел тұтқасын ұстаған азаматтарымыз осындай игі істе ірілік танытса дейсің. Бір кем дүние. Зор кем дүние.
Шерхан Талап