Халықтың үрейі әлі сейілген жоқ. Соңғы кездердегі дүрбелең елдің тынышын кетірді. Ошақтың үш бұтындай ұлттың негізгі өзегі болған жер, тіл, дін мәселесі егемендіктің ертеңін ойлаған әр ел азаматтының көңіл алаңына айналды. Қазақтың жанды жерін тырнап, жұртты көшеге дейін алып шыққан жер дауы, Сағадиевтің сүйкімін кетірген үштілдік мәселесі, Ақтөбедегі дін атын жамылған содырлардың сойқаны шүкіршіл қазақтың шерін қозғап кетті.
Жер дауының соңғы нүктесі әлі қойылмады. Бар мәселе мораторий жариялаумен шешіле салмасын халық та түсініп отыр. Елдің үміті — Жер реформасы жөнiндегi комиссияда. Осы комиссия құрылғаннан бері халық пен билік арасындағы диолог жақсарып, жоғарға жетпей жығылатын жантүртер жайттардың беті ашыла бастағандай. Кеше Үкімет аздаған ауыс-түйіс жасап Сағынтаевтың қолындағы тізгінді Асқар Мырзахметовке аманаттады. Бізге салса, маңызды мәселені Мәсімовтің өзі мойынына алғаны қолай болатын еді. Дегенмен ауыл шаруашылығы министрiнiң Жер комиссиясына төрағалық етуi бір есептен заңды көрінеді. Бұл қадамнан қандай нәтиже боларын аз уақытта білетін боламыз.
Ал, Ақтөбедегі қанды оқиғаға байланысты қарашаның қорқынышы әлі күшінде. Бүлік бастаушылардың сәләфилік-уахабилік идеяны қолдаушылар екені айтылып жатыр. Қазір біз намазға келіп, жүзін құбылаға бұрған адамға үрке қарайтындай жағдайға жеттік. Бүгін ғана сайтымызда жарияланған Сирия асып кете жаздаған маңғыстаулық қаршадай қыздың тағдыры жүрекке ауыр бір мұң тастайды. Бұның бәрі ұлттық құндылықтарды тәрк етіп, фанатизмнің «озық үлгісін» көрсетіп жүрген жастарымыздың әрекетінен туындап отыр. Олар дінге келудің араб болу еместігін әлі күн түсінбей келеді. Жақсылап бағамдап қарасақ, жат ойдың арбауына түскен аңғал жастардың тура жолдан таюының себебі әріде жатыр. Салафизм біздің қоғамда тамырын тереңге жайған. Оның артында үлкен күштердің тұрғаны анық. Біздің билік ылғи да себеппен емес, салдармен күреседі. Біз қазірдің өзінде қолымызды мезгілінен кеш сермеп тұрмыз. Жат ағымның жетегінде кеткен жастарды жолынан қайтару оңай болмайды. Ел басшысына, дін басыларға бағынғысы келмейтін, тек виртуалды ұстаздарын ғана ұлық көретін, дәстүр-салтымыздан сырт айналған ұрпақ өсіп келеді. Бір өкініштісі олар, сыртқы күштердің ықпалына шырмалған, сөзі басқа, өзі басқа «ағаларының» әр сөзіне иманындай сенеді. Бұл – өте қауіпті. Кешегі Ақтөбедегі оқиғаның басқа бір қалада қайталанбасына кім кепіл? Батыс өңірдегі діни ахуал әлі де тұрақсыз. Енді оларға қарсы жасалып жатқан күресте абай болуымыз керек. Теріс ағымның өкілі екен деп өлімге қия берсек, жақтастарынан келер жауаптың да жақсы болмайтынын ұғынған абзал. Елге тыныштық керек. Қазақстан «арабстан» емес!
Шерхан Талап