Тағы бір жылды артқа тастадық. Тауық жылы қазақ елі үшін толайым табыстарға толы жыл болды дей алмаспыз. Әйтсе де, ауызды құр шөппен сүрте алмаймыз. Күйінетін де, сүйінетін де біраз жайтты бастан өткердік.
Қажыр мен қаржыны жалмаған, дүбірі мен дақпырты басым EXPO көрмесі өтті «әлем назарын аударып». Бұл қадам Қазақстанның әлем алдындағы имиджін қаншалықты жақсарта түскенін білмеймін, бар «игілігін» өзіміз көрдік. Еліміздің әр түкпірінен Астанаға ағылған халық, жиырма жылда жарқырай түскен Бас қаламыздың сәулетіне сүйсініп, дәулетіне таңырқап қайтты. Алып шарды алты айналып, балама энергия көздері туралы беймәлім ақпаратқа қанығып қайтпаса да, «көп керметті» көзімен көріп, қолмен ұстап, түрліше ой түйіп қайтты. Мектептен әрі аттамаған ауыл балаларының арманшыл жанарынан ерекше сезімді көріп, көңіл жұбанады. Сол жастардың «еліміздегі мұнай дәуірінің аяқталуын айқын білдіретін тарихи оқиғадан» (А.С.) кейін де, ертеңге деген үміт сәулесін сөндірмесе дейсің. «Жемқорлық пен мақтанқұмарлыққа жол ашатын жоба» деп шетелдіктер көз сұғын қадаған аты жоқ астанамызды бәрібір талауға тастай алмаймыз. Қанша тіл безесек те, Астана – тәуелсіздіктің жемісі, Қазақстанның ажар-айнасы.
EXPO көрмесіндей елде дүрмек тудырмаса да, Сириядағы сойқан кепілгерлерінің Астанада бас қосуы – бітімгерлікке бастар маңызды қадам еді. Сирия мәселесі бойынша келіссөздер жүргізген мүдделі мемлекеттер жыл соңына дейін сегіз рет бас қосты. Алайда шет мемлекеттегі шиеленісті жағдайды реттеуде Астана процесі айтарлықтай ықпал ете алмады. Дегенмен, бейтарап мемлекет ретінде Сирия Үкіметі мен қарулы оппозицияға төр ұсыну – беделімізді биіктетпесе, аласартқан жоқ.
Мойындау керек, әлемдік үдерістерге берері жоқ біз сияқты кішкентай елдің ішкі мәселелерін реттеп алмай, сыртқа сүйкімді көрінуге тырысуы – құйрығы бұлғаң, қорқынышы қалың түлкінің түсініксіз әрекетін елестетеді.
Басқа-басқа Алашорда үкіметінің 100 жылдығын мемлекеттік дәрежеде тойлауға тиіс едік. Әр жерде алаулатып-жалаулатып жиын өткізіп, ғылыми, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырғанмен, атаулы датаны жалпыұлттық тойға айналдыра алмадық. Оған біздің билік те құлықсыз секілді. «Алаш» десе ат-тонын ала қашатын «аурудан» әлі айыққан жоқ. Ұлттық біртұтастыққа негіз болар алаш идеясы саяси ойындардың көлеңкесінде қалды тағы да. Бізге тақыр жерге тамыр жайып, тыңнан түрен салудың қажеті жоқ. Бес түрлі тұжырымға негіз байлаған «Алаштың» ұлттық ұстанымы – отаншылдықтың темірқазығы еді.
Сол кезде жерін қорғамақ болған жігіттеріміз өз топырағында өгейдің күйін кешпес еді (1); сол кезде жеріміздің асты мен үстіндегі игілік жат біреулердің қолында кетпес еді (2); сол кезде «қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек еді» (3); сол кезде тіліміз – шұбар, дініміз – дүмбілез, діліміз – дүбәра болып, «ұлттық мәдениет үстемдігі» деген үркек ұран үнсіз қорланбас еді (4); сол кезде түйені түгімен жеген жемқор қоғамда сенімге селкеу түсіп, ұлттық-демократиялық мемлекет құру идеясынан отқа тамызық жасап отырмас едік (5).
Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты үлкен стратегиялық мақаласы жарияланды. Бұл – көптеген жылдар бойы қордаланған саяси, әлеуметтік, рухани мәселелерді шешуге бағытталған маңызды құжат. Егер бастаманы науқаншылдыққа айналдырып алмасақ, жаңа бетбұрыстарға қадам жасарымыз анық. Бұл өңірлердің өзара жарысы болмауы керек. Саны көп, сапасы жоқ іс-шараларды бірінен соң бірін өткізіп, халықты рухани жаңғырта алмаймыз. Сана модернизациясы билік пен халықтың ашықтығынан, шынайы қарым-қатынасынан, сенім мен жауапкершілігенен басталса керек-ті. Әйтпесе, қазір халық билікке сенуден қалған. Дамыған, мәдениетті, біртұтас қоғамға айналу ұзақ процесті қажет етеді. Жемісін уақыт көрсетеді.
Ең маңыздысы, латын әліпбиіне көшу мәселесінде маңызды қадамдар жасадық. Тек жауапты тараптардың жүйесіз жұмысы, бірінен соң бірі ұсынылған екі нұсқаның да көпшілік көңілінен шықпауы жағдайды күрделендіре түседі. Қалай болғанда да, әліпби ауыстыруда асығыстық танытпаған жөн. Әліпби ауыстыру – ұлттық тарихи қадам. Тәуекелге байланған тағдырлы сәт. Биліктің соңы белгілі кезекті сахналық қойылымы емес. Ұлтты ұйыстыратын, бір мүдденің төңірегіне топтастыратын оқиға. Әліпбидің әр әрпі, таңба-белгісі біз үшін маңызды.
Ал, әлем жұртшылығын еш жарнамасыз-ақ, жадағай сөз, жалаң ұрансыз-ақ танырқатқан таланттарымыздың жетістігін ел болып көріп-біліп жүрміз. Гена бастаған спортшыларамыз бен Димаш бастаған әншілеріміздің атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Бұл қазақ спорты мен өнерінің әлемдік дәрежеде өз биігі бар екендігінің айқын дәлелі. Футболдан ұлттық құрамамыз жеңілістен көз ашпай жүрсе де, "Астана" командасының тамаша көрсеткіші көңілге медеу. Бұл салаларда да шығар биігіміз әлі алда деп есептейміз.
Биыл – ит жылы. Бұл жыл еліміз үшін берекелі-несібелі жыл болсын! Ұлт болып ұйысып, маңызды шешімдерге бірге жұмылайық. Ит басына іркіт төгілген күндердің куәсі болуды жазсын Тәңірі!
Шерхан Талап