23 мам, 2019 сағат 11:43

Шавкат Рахмонов чемпиондық атағын қорғайды

Орта салмақтағы М-1 Global чемпионы қазақстандық Шавкат Рахмонов 28 маусым күні елордада өтетін M-1 Challenge 102 турнирінде чемпиондық атағын қорғайды. Бұл туралы «BE STRONG PROMOTION» компаниясының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісімшарт талабына сәйкес Шавкат Рахмонов чемпиондық атағын қорғағаннан кейін UFC жоғары сайыскерлер лигасына өте алады. Ол әуесқойлар арасында ең жас әлем чемпионы атанып, BATTLE OF NOMADS және M-1 Global халықаралық промоушендерінде чемпиондық атақ иеленіп, ММА әлемдік элитасына ену құқығына лайық болды. Біз алдағы жекпе-жекті тағатсыздана күтеміз. Шавкат жеке бапкері Баян Жанғаловпен жекпе-жекке дайындыққа кірісіп кетті. Алдын ала ақпаратқа сәйкес Шавкат Рахмоновтың қарсыласы бразилиялық Тиаго Варежао болмақ», - деді Қазақстанның ММА біріккен федерациясының вице-президенті Асылбек Дүйсенов.


ММА-дан Қазақстан құрамасының бас бапкері, Шавкат Рахмоновтың жеке бапкері Баян Жанғалов шәкіртінің алдағы жекпе-жекке дайындығын жоғары бағалап отыр.

«Бапкерлік мансап жолымда мұндай еңбекқор және тәртіпті спортшыны кездестірген емеспін. Ол барлық уақытта да өзгелерге қарағанда көп жаттығады. Бұл жол да Шавкат 100 пайыз дайындалады. Жаттығу процесінде алдыңғы қатарлы ғылыми әзірлемелерді қолданамыз және үнемі жетілдіріп отыруға тырысамыз», - деді Б.Жанғалов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шавкат Рахмоновқа әлемдегі ең мәртебелі UFC промоушен жекпе-жек өткізуге ұсыныс жасағанын хабарлаған болатынбыз.