30 қыр, 2020 сағат 10:18

Шағын бизнесті күйреуден қорғау қадамдарын ескеру керек - депутат

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Кеңес Абсатиров коронавирустың болуы мүмкін жаңа толқыны қаупіне байланысты бизнесті қорғау қадамдарына назар аударды. Осы орайда ол Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Соңғы апталарда әлемде COVID—19 індетін жұқтырудың жаңа толқыны байқалуда. Еуропада ауруға шалдыққандар 5 миллионнан асып кетті, оның ішінде 230 мыңы қайтыс болды. Азия елдерінде 8 миллионнан астамы ауру жұқтырып, 130 мыңы көз жұмды», - деп тоқталды депутат.

Осы орайда ол көршілес Ресейде де жағдай ушығып бара жатқанын жеткізді.

«Сыртқы үрдістер тұрғысында қоғам елімізде ауру жұқтырудың болуы мүмкін қаупінің жаңа толқынына қатысты алаңдап отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлер бизнестің жабылуына қауіптеніп отыр. Себебі шағын және орта бизнес субъектілерінің көбісі жұмыстарын қалпына келтіре алмады», - деді Кеңес Абсатиров.

Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының фракциясы Үкіметтен қабылданып жатқан шаралар аясында азаматтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеуді, шағын және орта бизнесті күйреуден қорғау қадамдарын ескеруді сұрады.