Қазақстанда шағын бизнес секторында газ баллон жабдығының жарылуы көбейді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шағын бизнес секторында газ баллоны жабдығының жарылу жағдайлары жиілеп кетті. Елордада болған қайғылы оқиғалар біздің қызметкерлердің оларды тексермейтінін көрсетті, өйткені бұл нысандар бақыланбайды. Көптеген кәсіпкерлер осы тексеруден босату жеңілдіктерін пайдаланып, газ баллон жабдығын пайдалану ережелерін де, өрт қауіпсіздігі ережелерін де бұзуға жол береді.
Мысалы Нұр-Сұлтанда кафе мен тамақ тапсырысы үшін пайдаланылған екі қабатты тұрғын үйде жарылыс болды. Газ баллонының жарылуынан бір қыз оқиға орнында, екінші қыз – ауруханада қайтыс болды. Дәл осы мекемеден біздің қызметкерлер 19 баллон шығарды. Бұл бизнес тарапынан айқын заңбұзушылық болғанын білдіреді. Көбінесе бизнес азаматтарымызды ерікті-еріксіз «өлтіріп» отыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осыған байланысты министр шағын және орта бизнес өкілдеріне үндеу жасады.
«Егер бизнес келушілердің, оның қызметтерін пайдаланатын азаматтардың есебінен жұмыс істеп тұрса, қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы да барынша ойланулары керек», - деді Ильин.