Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Қазақстан Президенті жайлы "Хабар" агенттігі түсірген "Преодоление" деректі фильмінде Қасым-Жомарт Тоқаев туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Лавров сұхбатында Тоқаев Ресей мен Қазақстан арасындағы одақтастық қатынастарға тікелей үлес қосқанын атап өтті.
"Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған біздің одақтастық қатынастарымыздағы, стратегиялық әріптестік байланыстардағы үдерістердің лайықты жалғасуына Тоқаев тікелей үлес қосты. Тұңғыш Президент қазір Путин мен Тоқаевтың басшылығымен дамып келе жатқан бүгінгіодақтастығымыздың негізін қалап қана қойған жоқ. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық интеграциялық үдерістің негізін қалады. Біз қазір байланысты, инфрақұрылымның тармақталуын, логистикалық тізбектерді неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қатынастарды дамытып жатырмыз - мұның бәрін бірлесіп жасау әлдеқайда тиімді", - деді Сыртқы істер министрі.
Лавровтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымына қарамастан өзін жоғалтпады.
"Ол өз кәсібіне, еліне адал достарына сенетін адам болып қала берді. Мен онымен ұзақ жылдар бойы, министр болмай тұрып министрлікте жұмыс істеген жылдардан танимын. Ол министр болғанда біздің қарым-қатынасымыз тұрақтанып, кездесуіміз көбейе түсті: сапарлар, келіссөздер, сенімді консультациялар. Содан кейін, ол Сенат төрағасы болғанда, мен Астанаға әр келген сайын ресми қабылданатынмын. Бұл маған ерекше сезім сыйлайтын, өйткені әңгімеміз әрқашан ашық еді, стандартты я үстірт болмайтын", - деп еске алды Лавров.
Ол Қазақстан Президентінің өз борышы мен ел халқына адал екенін де айтты.
"Ең алдымен, бұл - өз міндетіне, халқына, Отанына деген жоғары адалдық. Бұл - әзіл емес. Бұл - асыра айтылған сөздер емес. Бұл - біз көріп отырған дүние. Қасым-Жомарт Кемелұлын білетіндердің бәрі осы жоғары қасиеттерін айтады. Екіншісі - білгірлігі, шет тілдерін жетік меңгеруі, халықаралық мәселелер мен, ең бастысы, өз елін жақсы білуі", - деді Ресей СІМ басшысы.
