08 мау, 2020 сағат 18:37

Сенатта Халық денсаулығы туралы кодекс жобасы қаралады

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің төрағалығымен палатаның Бюро отырысы өтті. Онда палатаның 11 маусымға жоспарланған алдағы отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сенаторлар алдағы отырыста Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі жобасын және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ілеспе заң жобасын қарауды жоспарлауда. 

Одан бөлек, отырыста заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру, цифрлық технологияларды реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша енгізілетін түзетулер қаралады.

Сонымен қатар, Бюрода Мәжілістен келіп түскен заң жобалар салалық комитеттерге бөлініп берілді», - делінген Сенаттың баспасөз хабарламасында. 

Атап айтқанда, Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын одан әрі пысықтаумен айналысады.

Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне бекітілді.

«Бас комитеттерге ҚР Парламенті Сенатының басқа комитеттерінің ұсыныстарын қорыту және осы құжаттар бойынша қорытындылар дайындау тапсырылды», - делінген ақпаратта.