29 мам, 2017 сағат 15:10

Сенаторлықтан 89 адам үмітті

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың төрағалығымен өткен жиында ҚР Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттарды ұсыну кезеңінің аяқталу бойынша мәселелер қаралды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Сайлау заңнамасы нормалары аясында Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын  сайлауды ұйымдастыру және өткізуге басшылық етеді. ҚР Парламент Сенаты депутаттарын кезекті сайлауын өткізу іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес, 28 мамырда осы сайлаудың бірінші кезеңі - кандидаттарды ұсыну ресми түрде аяқталды. Облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында депутаттыққа кандидаттарды ұсыну өте белсенді жүргізілді. Барлық аумақтық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясына алдағы сайлауға кандидаттарды ұсынудың соңғы қорытындылары туралы ақпаратты ұсынғанын атап өткім келеді», - деді Б. Имашев.

Келесі кезекте сөз алған ҚР ОСК Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мақсатхан Анапиннің айтуынша, 28 сәуірден 28 мамырға дейінгі кезеңде республика бойынша Парламент Сенатының депутаттығына барлығы 89 кандидат ұсынылды. Салыстырып айтар болсақ, 2014 жылы өткізілген Сенат сайлауына 88 кандидат, ал 2011 жылы 96 кандидат ұсынылған екен. Осылайша, Парламенттің жоғары палатасының депутаттарын сайлау жөніндегі соңғы үш сайлау науқанында ұсыну қорытындылары бойынша бір сенатор мандатына орташа алғанда 5 үміткерден келеді. Биыл кандидаттардың көбі Астана қаласында ұсынылды - 9 адам, ең азы Шығыс Қазақстан облысында - 4 адам. Сенатқа қазіргі сайлау барысында өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланған кандидаттар саны - 82. Бұл ретте мәслихаттар 7 кандидатты ұсынды.

«Сондай-ақ өткен сайлау науқандарымен салыстырғанда әйелдердің белсенділігі 2,6 есе өсті. Ұсынылған кандидаттардың ішінде 13 әйел. Ал  2014 жылы 5 әйел, 2011 жылы 6 әйел ұсынылған еді. Оның ішінде Астана және Алматы қалаларында 7 әйел ұсынылып отыр. Кандидаттардың орташа жасы 51,9 жасты құрайды. Ең жас кандидат 30 жаста, үміткерлердің ішіндегі ең үлкені 68 жаста», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, кандидаттардың 26-сы инженер, 21-і экономист, 10-ы  оқытушы, 10-ы заңгер, 9-ы аграрлық саланың өкілдері, 5-еуі дәрігер, 2-еуі саясаттанушы және 6-ауы басқа мамандық иелері.

«Өз кандидатураларын қызметтегі 4 сенатор ұсынды. Ұсынылғандардың ішінде 5-еуі мәслихаттар депутаттары, 35-і - коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, 13-і - мемлекеттік ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, 23-і - мемлекеттік қызметшілер және 7-еуі - қоғамдық ұйымдардың өкілдері», - деді М. Анапин.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу рәсімі жалғасуда. Ол 7 маусымға дейін жалғасады. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлау комиссиялары мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексеру бойынша жұмыс жүргізуде. 28 мамырдағы жағдай бойынша облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары Сенат депутаттығына 62 кандидатты тіркеді.