Еліміздің ара және марал шаруашылықтары күрделі жағдайды бастан кешуде. Бүгін сенатор Дүйсенғазы Мусин еліміздің Премьер-Министрінің атына осындай депутаттақ сауал жолдады. Депутат бұл салалар шұғыл мемлекеттік қолдауды қажет ететініне назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың пайымынша, асыл тұқымды ара ұялары мен олардың өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының болмауы, асыл тұқымды омарталар санының аздығы, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі және ветеринарлық қызмет жұмысындағы кемшіліктер шешімін табуға тиісті мәселелердің қатарында тұр. Саланы дамытуды жүйелі жоспарлау, кешенді зерттеулер, селекциялық жұмысты жүйелеу, сондай-ақ аудандастырылған және асыл тұқымды омарталар желісін құру жағдайды жақсартуы тиіс.
Марал өсіру шаруашылықтарына келетін болсақ, депутат өткен 30 жыл ішінде шаруашылықтардағы жануарлардың саны екі есе қысқарғанын атап өтті.
«Бұл салаларды қамтитын мемлекеттік бағдарламалар және «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында үйлестірілген шаралар, шалғайдағы, әсіресе шекара бойындағы халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін берері сөзсіз», - деді Дүйсенғазы Мусин.
Сенатор әзірленіп жатқан Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетуді ұсынды.